
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына жұмыс сапары аясында Бұлақ, Талдысай, Қобда және Терісаққан ауылдық округтерінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысын жеке өзі қарап, займдар мен тауарлық несие алған қатысушылармен әңгімелесті.
Әлия ауылының тұрғыны Құрал Жақсығалиев абердин-ангус тұқымды 5 сиыр алып, шаруашылығын кеңейтіп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы аясында малды тауарлық несиелеу шарттарымен «KobdaBeef» шаруа қожалығы берген.
«Бұл – құнды ет тұқымы. Қазір мен оларға ерекше күтіммен қараймын. Төлін күтіп отырмыз. Несие шарттарына сәйкес малдың өзі кепіл болады, ал несиені 5 жылда бұзауларымен қайтаруым керек. Барлығы 15 бұзау төлдесе, әр сиырдан үш бұзаудан келеді. Бұл шарт екі жаққа да тиімді деп ойлаймын»,- деді Қ.Жақсығалиев облыс әкіміне жеке шаруашылықты дамытуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіре отырып.

Терісаққан ауылдық округінде малды тауарлық несиені «Терісаққан-2017» ЖШС қолдаған. Бүгінгі таңда шаруашылық шарттық негізде Терісаққан ауылының тұрғыны Батырғали Бақдаулетовке 50 бас қой берген. Серіктестік басшысы Ерлан Қаспақов басқа ауылдастарын да қолдауға дайын екендігіне сенім білдірді.

Ералы Тоғжанов аудан орталығында «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің қызметімен танысты, онда үміткерлер жеңілдетілген қарыз бен тауарлық несие алу үшін құжаттарын ресімдей алады.
«Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу қажет. «Ауыл аманатында» өте қолайлы жағдай жасалған. Президент бізге ауылды дамытуға, әрбір ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсартуға үлкен мүмкіндік берді, біз оны пайдалануымыз керек. Жоғары тиімділік көрсету үшін жобаның барлық қатысушылары кооперативтерге біріккені жөн. Кооперативтердің төрағаларын ең үлкен сенімге ие ауылдастарының арасынан сайлаған дұрыс»,- деді облыс әкімі жобалық кеңсе қызметкерлерімен және келушілермен әңгімелесу барысында.

«Ауыл аманаты» жобасына Қобда ауданының барлық 16 ауылдық округінің тұрғындары қатысады. Табыс деңгейін арттыру мақсатында бірінші кезекте жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тартылады. Барлығы құс және өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған 600-ге жуық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Кооперативтерді жарақтандыру үшін 23 трактор мен шөп шабатын техника сатып алынбақ. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде 13 ауылдық округте 15 кооператив құрылды.
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығының да, шағын және орта бизнестің де дамуына өз үлесін қосады. 17 сүт және 14 ет өңдеу цехы, 19 жылыжай құрылып, 50-ден астам басқа да шағын бизнес жобалары жүзеге асырылады деген сенім мол.
Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар санын екі есеге азайту жоспарланған. Жобаға қатысушы отбасылардың орташа табысы 162,3%-ға артады.
