Ералы Тоғжанов: Ауылды қайта құру, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыру – Президент қойған басты міндеттердің бірі

Ералы Тоғжанов: Ауылды қайта құру, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыру – Президент қойған басты міндеттердің бірі

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қобда ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысып, халықпен кездесті.

«Биылғы жылы біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ең бастысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамыту туралы Жарлығына сәйкес іске асырылатын «Ауыл аманаты» жобасын сапалы орындау. Халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдағы жұмыссыздық деңгейін азайту арқылы жобаның түпкі мақсаттарына қол жеткіземіз, ал бұл бәріміздің бірігіп жұмыс істеуімізге байланысты. Өз тарапымыздан барлық жағдайды жасаймыз, сіздерден, облыс тұрғындарынан белсенді қатысу ғана талап. Әрине, халықты толғандыратын басқа да бірқатар мәселелер бар. Олардың барлығы біртіндеп шешіледі. Мысалы, биылғы жылы жолдарды жөндеуге және салуға қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайды. Ауылдық жерлердегі жолдарға, инженерлік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлетін боламыз»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 769,9 км автомобиль жолдарын жөндеу және салу жоспарлануда. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78%-ға дейін жеткізіледі.

Қобда ауданында Сарыбұлақ, Өтек, Қызылжар, Жарық ауылдарының кірме, «Бестау-Жаңаталап» және «Жаңаталап-Жарсай» ауыларалық жолдары, сондай-ақ бірқатар елдімекендердің ауыл ішіндегі жолдарын жөндеу жоспарланған. Бұған 3,1 млрд теңге бағытталмақ.

Аудандағы ауылдарды газдандыру және сапалы ауызсумен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр Қобда ауданындағы Жаңаталап, Жарсай және Терісаққан ауылдарына газ тартылды. Орталықтандырылған ауызсумен Жарсай ауылы қамтылса, Бұлақ, Қосөткел және Құрбай ауылдарында блок-модульдік кешендер орнатылды.

Қобдалықтарды ауылшаруашылығы жерлерін пайдалану мәселесі толғандырады.

«Игерілмеген және пайдаланылмаған жерлер мемлекетке қайтарылуы тиіс. Бұл жерлерді жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек. Мен барлық әкімдерге жылдың соңына дейін осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырдым», - деді Ералы Тоғжанов.

Айтып өтейік, Қобда ауданында өткен жылы 55 жер пайдаланушы мемлекетке 69 мың гектардан астам пайдаланылмаған жерді қайтарып берді, 128 мың гектар жер айналымға енгізілді. Бұдан басқа, жайылымдық алқаптардың ауданын ұлғайту мақсатында 19 елді мекенге жалпы ауданы 55,4 мың га жер қосылды.

Облыс әкімі ауылдық аумақтарды абаттандыру және дамыту жұмыстары биыл да белсенді түрде жалғасатынын атап өтті.

«Өңірімізде «Абаттандырылған ауыл» жобасы басталады. Оның аясында ірі кәсіпорындар өздері жұмыс істейтін ауылдарды көркейтеді. Жоба әр ауданнан бір ауылды, оның ішінде Қобда ауданын да қамтиды. Осылайша, үлгілі ауылдар жасаймыз. Ауылды түрлендіру, ауылдардың өмір сүру сапасын жақсарту – Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеттерінің бірі», – деді Ералы Тоғжанов.

Жиын барысында аудан әкімі Болат Құловтың 2022 жылы атқарылған жұмыстары мен ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы есебі тыңдалды. Облыс әкімі аудан басшылығының алдына бірқатар міндеттер жүктеді, соның ішінде ауылдық жерлерде балалардың медицинаға қолжетімділігі мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру.

Сондай-ақ аймақ басшысы аудан тұрғындарының азық-түлік өнімдерін тұтынуына талдау жасауды тапсырды. Оның деректері өңірдің ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мен әртараптандыруға негіз болуы тиіс. Негізгі мақсат – облысты өз өндірісі есебінен негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету.

«Бізге халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, экономикалық өсуді қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз қойылған міндеттерді сапалы шешу үшін бар күшімізді салуымыз керек», - деп атап өтті кездесу соңында Ералы Тоғжанов.