
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жиын өтті.
Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бастап бағаның өсімі 0,7%-ды құрады. Соңғы аптада картоп, пияз және сәбіз бағалары өскен. Бұл ретте, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 18-інің құны орташа республикалық деңгейден төмен.
Сонымен қатар, бағаны тежеу тиімділігін арттыру үшін жергілікті тауар өндірушілермен, сауда желілерімен, базарлармен және жылыжайлармен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалады. Ақтөбе қаласында ірі бизнес субъектілерімен 40 маңызды құжатқа қол қойылған.

Облыс әкімі халықты азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағада үздіксіз қамтамасыз ету үшін ішкі нарықты жергілікті өнімдермен толтыру және жылыжай өндірісінің көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті.
«Жаңа жұмыс тәсілі қажет. Облыс өзін барынша негізгі тағамдармен қамтуы тиіс. Өңірдегі қор оған қауқарлы», - деді Ералы Тоғжанов.
Ауылшаруашығы басқармасы барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуге міндеттелді. Ауылшаруашылығы өнімі өндірісінің өсуі есебінен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда, бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі тұрақтандыру қорынан өнімнің тауарлық интервенциясын өткізу, мемлекеттік қолдау алатын тауар өндірушілер тарапынан қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау, маусымаралық кезеңде азық-түлік тауарларының бағасын барынша тұрақтандыру және т. б. нақты тапсырмалар берді.
