
2022 жылы желтоқсан айында Абай, Жетісу, Ұлытай, сондай-ақ, Түркістан және Ақтөбе облыстарында «Табысты Отбасы» әлеуметтік жобасы басталды. Пилоттық жоба қоғамның осал топтарының өкілдерін, сондай-ақ, көпбалалы және толық емес отбасы мүшелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер, табысы төмен отбасынан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған және ол «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске асырылады.
Ақтөбе облысынан «ЅММ», «Кондитерлік іс», «Сұлулық индустриясы», «Тігін ісі» және «Автоэлектрик» бейінді бағыттары бойынша кешенді оқытудан өткен алғашқы 20 түлек грант ретінде ноутбуктер, тігін машиналары, электр пештері, миксерлер, кушеткалар, мультимаркалы сканері және басқа да жабдықтарды алды.

Облыс әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері «Табысты отбасы» жобасының бірінші лек түлектерін оқудың аяқталуымен құттықтап, кәсіпкерлік қызметтің басталуына сәттілік тіледі.
«Сұранысқа ие мамандықтарды оқыту және гранттық қолдау көрсету арқылы адамдардың әл-ауқатын көтеруге көмектесу - осы жобаның басты мақсаты. Баршаңызға табысты бастама мен өсіп-өркендеу тілеймін!», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі Серғожа Қалиасқаров.
«Бүгінде көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылуда, бірақ «Табысты отбасы» жобасы қысқа мерзімде өз ісін дамыту бойынша білім мен дағдылардан бөлек, бейінді бағытты таңдауға мүмкіндік беретіндігімен, сондай-ақ шағын бизнес субъектілерін ашу үшін жабдықтарды өтеусіз беретіндігімен ерекшеленеді. Бұл – сіздің отбасылық табысыңызды арттырудың тамаша мүмкіндігі. Жоба түлектері оның тиімділігін өз жетістіктерімен дәлелдейтініне күмәнім жоқ», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Көпбалалы әке Орынғали Қабдырахман «Автоэлектрик» бағыты бойынша оқып, өз кәсібін ашу үшін қажетті жабдықтар алған. «Енді мен жұмысымды бастай аламын. «Табысты отбасы» жобасы мені өзгертіп, өзімді тұлға ретінде дамытуға сенімділік берді, ынталандырды. Менторларымызға және «Самұрық-Қазына» компаниясына алғыс айтамын», - деді ол.
Жобаның екінші легі бойынша 40 ақтөбелік оқытылады.