Ақтөбе облысында жолдардың рекордтық саны жөнделеді

Ақтөбе облысында жолдардың рекордтық саны жөнделеді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен отырыста жолдарды жөндеу және салу мәселесі қаралды.

Биыл өңірде 769.9 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар мен көше-жол желілерін жөндеу жұмыстары бар. Қаржыландыру көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге - 41,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды өңір тарихында болмаған. Жыл қорытындысы бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 78%-ға дейін жетеді деп күтілуде.

«Біздің алдымызда құрылыс материалдарын алдын ала дайындау бойынша үлкен міндет тұр. Өткен жылғыдай битумның жетіспеушілігінен жұмыс қарқыны баяулаған жағдай қайталанбауы керек», - деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Қазіргі уақытта қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы мен битум қорларын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Облыс басшысы уәкілетті органдарға дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК тарта отырып, жоғары сападағы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді, құрылыс маусымы басталғанға дейін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін аяқтауды тапсырды.

Отырыстан соң, Ералы Тоғжанов облыстың ең ірі битум қоймасы - «Лимб 2» ЖШС-нің ағымдағы жағдайымен танысты. Қазіргі уақытта облыстың битум қоймаларында барлығы 11 мың тоннадан астам битум бар. Осы құрылыс материалын сатып алу және жеткізу жұмыстары жалғасуда. Жалпы, биылға 88,3 мың тонна битум қажет.

Бұдан өзге, битум қоймаларының қуатын арттыру жөніндегі облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру жалғасуда. Бүгін өңір басшысы 5 мың тоннаға арналған қоймасы бар «Жалаугер НС» ЖШС учаскесін қарап шықты. Ералы Тоғжанов жауапты мемлекеттік органдарға жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуді тапсырды.