
Бүгін Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында халық сот актілерін орындауға, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге, мұрагерлік істі жүргізу тәртібіне, адвокаттық және нотариаттық қызметке қатысты проблемалық мәселелерді айтып, олар бойынша министр қолданыстағы заңнама шеңберінде түсініктемелер берді.

Министр өз сөзінде ведомство жанынан тәулік бойы тегін құқықтық көмек көрсететін 119 бірыңғай нөмірі іске қосылғанын, ол арқылы азаматтар барлық заң мәселелері бойынша кеңес ала алатынын еске салды.
Сондай-ақ, министр заң көмегін көрсету саласындағы инновациялар туралы, атап айтқанда тегін заң көмегіне кепілдік берілген адамдар тобын кеңейту туралы айтты. Осылайша, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандары, 1 және 2 санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін заң көмегіне жүгіне алады.

Министрлік зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында үлкен жұмыстар атқарқан. Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысының тұрғындары мен кәсіпорындарынан берілген өтінімдер бойынша тауар таңбасына 87 куәлік, өнертабысқа – 10 патент, пайдалы моделдерге 13 патент, өнеркәсіптік үлгілерге 1 патент берілді.
«Атқарушылық іс жүргізу - бұл тек Ақтөбе облысы бойынша ғана емес, бүкіл ел бойынша ең сезімтал мәселелердің бірі. Өңірде 12 мемлекеттік және 108 жеке сот орындаушылары қызмет атқарады. Олардың өндірісінде бүгінгі күнге дейін 291 мың атқарушылық өндіріс болды, оның 148 мыңы орындалды. Көрсетілген санның едәуір бөлігін алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды. Ақтөбе облысы бойынша бұл 15 мыңнан астам іс», - деп атап өтті Азамат Есқараев.

Кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіріп алу қиынға соғады. Осыған байланысты, өңірдегі әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Мысалы, 2022 жылы Ақтөбе облысы бойынша осындай 678 борышкер жұмыспен қамтылды.

«Кейбір сот орындаушыларының кеңселерін алимент өндіріп алуға мамандандырудың қолда бар тәжірибесі, сот орындаушылары басқа жазаларға алаңдамай, осындай өндірістерді жүргізу бойынша өз дағдыларын жетілдірген кезде өзінің тиімділігін көрсетеді. Мысалы, Ақтөбе облысында 2019 жылдан бастап алимент өндіріп алу бойынша жеке кеңсе қызмет істейді, онда 15 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Алимент өндіріп алу бойынша мамандандырылған кеңселерді ашу тәжірибесін әр өңірде тарату қажет деп санаймын», - деп атап өтті Азамат Есқараев.
Сонымен қатар, министр жұмыс сапары аясында азаматтарды жеке қабылдау, аумақтық әділет департаменті мен Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізді.