Ералы Тоғжанов: «Президент тапсырмаларын тиімді және уақытылы орындау – өңірдің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етудің кепілі»

Ералы Тоғжанов: «Президент тапсырмаларын тиімді және уақытылы орындау – өңірдің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етудің кепілі»

       Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов биылғы 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

        Өңір басшысы жыл соңына дейін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны 101,7%, инвестиция - 103,9%, құрылыс жұмыстары - 104,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 102,1%, көлік және қоймалау – 103,2% құрады.

        Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестицияларды тарту және іске асырудағы жобаларды сүйемелдеу бойынша облыста белсенді жұмыс жалғасуда. Биыл 11 айда 800 млрд. теңге инвестиция тартылған.

        2023 жылы өңір экономикасына 1 трлн. теңгеден астам қаржы тарту мақсаты қойылды. Соның ішінде, келер жылы Ядролық медицина орталығы, битум және болат балқыту зауыттары, рельсті дәнекерлеу кәсіпорны және Жем қаласындағы мұнай-химия кешені сияқты ірі жобаларды іске асыру басталмақ.

        Еске сала кетейік, биыл күзде Ақтөбе облысы алдағы бірнеше жылға рекордтық көлемде инвестиция тарту туралы келісімге қол жеткізді. Мәселен, жаһандық инвестициялар бойынша өткен форумда 735 млн АҚШ доллары сомасында 5 келісімге қол қойылса, ал «Aktobe Investment-2022» халықаралық инвестициялық форумында 2,7 трлн теңгеге келісім жасалды.

         «Президенттің шикізат тауарлары мен қайта өңделген өнімдерді экспорттау мәселесі туралы айтқаны біздің өңір үшін де өзекті. Мұның бәрі – облыс экономикасы үшін алынбаған салықтар, құрылмаған жұмыс орындары және қосылған құны жоғары дайын өнімнің экспорты түріндегі шығындар. Бұл мәселені шешу үшін өңірдің ірі кәсіпорындарымен бірлесіп, қайта бөлудің неғұрлым жоғары деңгейіне көшу бойынша егжей-тегжейлі Жол карталары жасалуы тиіс», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

       Баға мәселесі де ерекше бақылауда. Азық-түлік құнының өсуін тұрақтандыру мақсатында өңірде бірқатар шаралар қабылдануда. Оның ішінде тұрақтандыру қоры жұмыс істейді және «айналым схемасы» тетігі іске асырылып отыр. Сауда айналымы 1 млрд.теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді. Көкөніс қоймаларының тапшылығы проблемасын шешу мақсатында келер жылы жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна, құны 4,8 млрд. теңге болатын 2 заманауи көкөніс қоймасының құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар, жақын арада азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға  «Ауыл аманаты» жобасы септігін тигізбек.

       «Тағы бір тиімді шара – жылыжай өндірісінің көлемін ұлғайту. Жыл бойына өндіріс белгілі бір көлемдегі бағаны тиімді бақылауға мүмкіндік береді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында қандай өнім көлемі және қандай кезеңде өндірілетіні туралы кестені жасап, сондай-ақ жаңа заманауи жылыжайлар құрылысын салуға мүдделі инвесторларды тарту қажет», - деді облыс әкімі.

        ​Азаматтардың табысын арттыру – басты назарда. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 54,8 мыңнан астам адам «Ұлттық жоба» аясында  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижесінде 2022 жылдың III тоқсанында жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,8%-ды құрады.

        ​Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін өңір басшысы қадап айтты. Оның ішінде, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңдастыруды және мемлекет есебінен қысқа мерзімді кәсіптік курстардан өткен азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды жандандыру тапсырылды.

       Өңірде Президенттің ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту туралы тапсырмасы тиімді іске асырылуда. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары 29 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл қазір жалға алынған және бейімделген ғимараттарда орналасқан медициналық мекемелердің проблемаларын шешеді.

        «Президент тапсырмаларын тиімді және уақытылы орындау – өңірдің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етудің кепілі. Біз қойылған міндеттерді жауапкершілікпен орындау үшін бар күшімізді салуымыз керек», - деп Ералы Тоғжанов сөзін түйіндеді.