Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласын абаттандыру, облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың қысқы кезеңге дайындығы, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметі бойынша аппараттық жиын өтті.
Биыл Ақтөбеде 62 балалар ойын алаңы, 50 спорт алаңы (WorkOut), 10 футбол-баскетбол алаңдарын орнату және 4 балалар ойын, спорт алаңдарын жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ 65 аулаға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Бұл жұмыстар Құрмыш, Сүт зауыты және Әуеқалашығы аудандарында, №5, №8, №11, №12 шағын аудандарда және қаланың орталық бөлігінде жүргізіледі. Қазіргі таңда 40 аулада жөндеу жұмыстары аяқталды. Жыл соңына дейін 10 аула жөнделсе, келесі жылы тағы 15 ауланы орташа жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, 25 аулаға жарықтандыру орнату жоспарлануда», - деп атап өтті қала әкімі Асхат Шахаров.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жөндеу жұмыстары қарқынының төмендігін алға тартты. Жалпы облыс орталығында ауласы бар көпқабатты үйлердің саны - 970. Көпшілігінің жағдайы жөндеуді талап етеді. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді және қала аумағында тазалық жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының құрылысына қатысты да тапсырмалар берілді.
«Шаhардың ескі бөлігінде туризмді дамытуға болатын 14 тарихи нысан бар. Депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің осы мәселеге атсалысып, ұсыныстар енгізуін сұраймын. Абаттандыру - өмір сапасының маңызды элементі. Бұл жұмысқа тұрғындар мен қоғам өкілдерін тартып, мемлекеттік органдар мен департаменттердің басшыларын аудандарға бекітіп, олар халықпен жұмыс істеуі керек. Қажеттілігіне қарай абаттандыруға бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бұл мәселе бойынша нақты талдау мен жоспарлау қажет», - деп нақтылады Ералы Тоғжанов.
Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығының өкілі Алина Әбдірахманова 15 желтоқсанға дейін Ақтөбеде осы ұйымның қатысуымен әзірленген көгалдандыру жобалары аяқталатынын айтты.
Облыс әкімі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының түйткілді мәселелерін талқылау барысында ұйымды автобустармен қамтамасыз ету туралы өтінішін қолдады. Белгілі болғандай, осы күнге дейін еңбек жасақтары жұмыс орындарына өз қаражатымен жетіп жүрген. Бұл әсіресе қала сыртында өзен жағалаулары мен су қоймаларын тазалаумен айналысатындарға қиынға соғады. Өткен маусымда «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтарына барлығы 4000-ға жуық жас ақтөбелік қатысты. Аймақ басшысы оларды маусымдық жұмыстар аяқталғаннан кейін де жұмыспен қамту қажеттігін айтты.
«Бұл жұмыс істеуге ұмтылған жастар. «Жасыл елге» қатысушылардың барлығы, оның ішінде студенттер жұмысқа орналасуы керек», - деді Ералы Тоғжанов уәкілетті органдарға.
Сондай-ақ, жиын барысында өңір басшысы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдарды қысқы кезеңге дайындау жөніндегі шараларды күшейту міндетін қойды. Екі ай ішінде қар басуға жол бермеу және алдын алу шараларының жоспарының мардымсыз орындалуы сынға алынды.
Республикалық маңызы бар жолдардағы қар басатын учаскелердің жалпы ұзындығы 246 шақырымды құрайды, оның 58 пайызы ғана қардан қорғауға қауқаолы. Ал облыстық маңызы бар жолдардың қар басатын 98 шақырымның 10 шақырымында жасанды қалқандар орнатылады. Жыл сайын қар басатын учаскелердің қатарында республикалық маңызға ие «Қарабұтақ-Комсомол-Денисовка-Рудный-Қостанай» (88 км) және «Самара-Шымкент» (57 км) жолдары бар.
Осыған байланысты облыс әкімі қар басу қаупі бар аймақтардың тізбесін жасап, қар тоқтататын қалқандарды орнатуды тапсырды.
Қазіргі уақытта «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолын күтіп ұстау мәселесі шешімін таппай отыр. Тексеру барысында Сазды ауылынан Болгарка ауылына дейінгі жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Алайда, Темір ауданы аумағындағы 100-193 км учаскесінде жолды жамау жұмыстары әлі аяқталмаған, кей жерлерде жол жамылғысының бұзылуынан төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Мердігерге кемшіліктерді жою туралы ескерту жасалған.
«Бұл жолда күн сайын адам өліміне әкелетін апаттар орын алып жатыр. Жол жөндеуге қаражат бөлінді, мердігерлердің жұмысы қызу. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын ешкім қадағалап отырған жоқ, мемлекеттік органдар тарапынан бақылау жоқ!», – деді өз сөзінде Ералы Тоғжанов.
Бұл бағыттағы жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына сөгіс жарияланды.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық сынды тез арада жою үшін бірқатар тапсырмалар берді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі