
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды. Аймақ басшысы кәсіпорынның қызметі мен экологиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
№1 және №2 балқыту цехтары және кәсіпорынның басқа да өндірістік нысандарының аспирациялық жүйелерін жаңарту жұмыстары басталды. Аспирациялық жүйелерді жаңғырту нәтижесінде қатты зат шығарындылары 30%-ға кемиді деп күтілуде. Компания ауқымды экологиялық жобаны іске асыруға 12 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабековтің айтуынша, газ тазартқышты жаңарту жұмыстары №2 балқыту цехында жыл соңына дейін, ал №1 балқыту цехында келесі жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру барысында электрлі сүзгілер жеңдік сүзгілерге ауыстырылады. Олар алдыңғысына қарағанда екі есе тиімді. Сондай-ақ цехтардың ішіндегі газ құбырлары жүйесі жаңғыртылып, жаңа сүзгілерге газдарды бұрып жіберу үшін төменгі зонттар қондырылады. Бұдан өзге жоғары қуатты түтінтартқылар мен қосымша қосалқы станция тұрғызылады.
Кәсіпорынды одан әрі экологиялық таза қызметке көшіру, зауыттың санитарлық-қорғау аймағында тұратын азаматтарды көшіру, жоғары білікті техникалық мамандардың жетіспеушілігі сияқты басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша кәсіпорынды кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бұдан әрі өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылығымен бірлесе қаралады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі