
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі бірнеше жыл құрылысы бітпеген нысандарды аралап, жабық базарлардың тыныс-тірлігін жете бағамдап, Ә.Молдағұлова және Тәуелсіздік даңғылы бойындағы жол құрылысы жұмыстарының жүргізілу барысын бірқатар мемлекеттік органдардың, Төтенше жағдай және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларымен бірге көрді.
Алдымен аймақ басшысы 10 жылдан бері құрылысы сағызша созылған 12 ықшамаудандағы «Арайлы» тұрғын үй кешеніне барды. Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы көпқабатты үйдің соңғы алтыншы блогы салынып болған. Қазір сыртын бояу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ерен-Групп» компаниясы басшыларына облыс әкімі біраз сын айтты. Әсіресе, тұрғын үйдің қасбеті көңілге қонымсыз. Ал компанияның 5 ықшамаудан аумағында жүзеге асырғалы жатқан жаңа тұрғын үй жобасына Ералы Тоғжанов қолдау білдіргенімен, инфрақұрылым тарту мәселесіне келгенде мердігерлерді сұрақтың астына алды.
Облыс әкімінің сынына сондай-ақ, Космос, Батыс-2 шағын аудандарында тұрғын үй кешенін салып жатқандар, көпфункционалды әкімшілік-ойын-сауық орталығына жауаптылар ілікті. Бірнеше жылдан бері сақалды құрылысқа айналған жобаларын қайта жандандырған кәсіпкерлер ғимараттарының қасбетін жасауды тағы да қарап, құрылыс аумағын қоқыстан тазартатын боп келісті.
«Құрылысы аяқталмай тұрған нысандар біріншіден балалар үшін қауіпті, екіншіден қаланың сәнін кетіреді. Мердігерлер өздеріне алған міндеттерді дер кезінде аяқтаулары керек. Сондай-ақ тұрғын үйлердің сыртын кірпішпен қаптап, оны бояп қоятын заман қалды. Жоба жасаған кезде ғимараттардың сыртқы қасбетіне ерекше бөлінуі керек. Жобалары ертеректе жасалған нысандардың сыртқы қасбетін қайта қарау керек», - деді Ақтөбе облысының әкімі.
Облыс орталығындағы базарлардың тыныс-тірлігін жете бағамдаған өңір басшысы «Орталық базарға» барып, саудагерлермен тілдесті. Ел арасында «Колхозный» деп аталып кеткен жердің маңы жайма базарға айналған. Қарбыз-қауындарды сатып тұрғандар облыс әкіміне жай-күйлерін айтып берді. Олар өнімдерді еліміздің оңтүстігі мен өңірдің Мұғалжар ауданынан әкеліп, сатып отыр. Базар ішіндегі азық-түлік, бал арасын, ет сататындар да отандық тауарларды сөрелеріне қойып қойған. Ералы Тоғжанов өзімізде жасалған өнім көлемін одан сайын арттыруды тапсырды.
«Сауда-саттық орнындағы қауіпсіздік мәселесі – басты назарда болуы тиіс» деген облыс басшысы төтенше жағдайлар департаментіне қателіктерді түзеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Деректерге сүйенсек, Орталық базарда прокуратура мен департамент бірлескен тексеріс жүргізіп, нәтижесінде белгіленген талаптардың 51 бұзылу дерегін анықтаған. Соңғы 3 жылда екі өрт оқиғасы болыпты.
«ASECA» ЖШС қарасты «Табыс» базарындағы дүңгіршектер Ақтөбеде жасалған өнімдермен қамтылмағынына облыс әкімі шүйлікті. Корпорация басшылығы жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, ақтөбелік шаруалар мен кәсіпкерлерге мүмкіндік беру жағын тағы бір қарастыратын болды.
Қала сыртындағы құрылыс материалдарын сататын базар, сондай-ақ, мал базарының бүгінгі күйіне аймақ басшысының көңілі толмады. Әсіресе, мал базарының кіреберісіндегі жол, ескірген мал қораларын жаңалату жұмыстары қысқа мерзімде шешілуі керек деп Ералы Тоғжанов сауда-саттық орнының басшылығына қадап айтты.
Қазіргі таңда шаһарда Әлия Молдағұлова даңғылы бойында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мердігер компания даңғылды жағалай тұрғындар демалатын 500 метрлік сквер, веложол салып бермекші. Түрлі муралдар пайда болады деген жоспар бар. Қараша айының соңына дейін Молдағұлова даңғылы кезекті бөлігіндегі жұмыстар аяқталады. Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылы бойындағы жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Алайда Бас мердігер «АстанаДорстрой» ЖШС жиектастардың ескі үлгісін жол жиегіне салып қойған. Компания иесі құрылыс қаланың көркін келтіру үшін материалдарды жаңа үлгіге ауыстыратын болып уәдесін берді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі