Е.Тоғжанов: Өңірді дамыту жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізбеген мемлекеттік органдардың басшылары жауапкершілікке тартылады

Е.Тоғжанов: Өңірді дамыту жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізбеген мемлекеттік органдардың басшылары жауапкершілікке тартылады

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов мемлекеттік қала құрылысы кадастрын енгізу, өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарын жүзеге асыру және жолдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өткізді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі елді мекендердің ағымдағы жай-күйі мен жоспарлы дамуы туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық база болып табылады. Бұл жүйе цифрлық қала құрылысы құжаттарын және инженерлік желілердің орналасқан жері туралы деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етеді.

Облыс әкімі Ақтөбе қаласының әкімдігі деректер базасына мәліметтерді енгізуді биыл жыл соңына дейін аяқтауға міндеттелгенін, алайда бүгінгі таңда тапсырма 35 пайызға ғана орындалғанын атап өтті. Жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік органдарға жыл қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында көзделген барлық нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Ералы Тоғжанов сол көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін басқарма басшылары жеке жауап беретінін қадап айтты.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Әлиев жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларын азайту жұмыстары туралы баяндады.

Биыл 9 айда Ақтөбе облысында 383 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 71 адам қаза тауып, 512 адам жарақат алған. Былтыр осы кезеңмен салыстырғанда оқиғалар саны 2,1%-ке азайып, қаза тапқандар саны 4,4%-ке өскен.

«Бұл жағдайдың негізгі себептері - жол параметрлерінің сәйкес келмеуі және көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы. Сонымен бірге халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда апаттардың жоғары деңгейі сақталып отыр», - деді Қ.Әлиев.

Аймақ басшысы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шараларын, оның ішінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне тоқталды.

Жолдардың қысқы кезеңге дайындығы ерекше бақылауда. Ақтөбе облысының жолдарында қар басу қаупі бар 102 учаске анықталды. Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне қар басып қалудың алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеп, екі айдың ішінде жүзеге асыруды тапсырды.

«Ең алдымен, біз жолдарды қар басып қалмауы үшін алдын алу іс шараларын жүргізуіміз керек», - деді Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ, Ақтөбеде жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында бір апта ішінде жолдардағы барлық ойықтарды жою, мектептер маңына жасанды жол бұдырларын орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру қажеттігін тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі