«Ауыл аманаты» жобасына Шалқар ауданының екі ауылдық округінің тұрғындары қатысады

«Ауыл аманаты» жобасына Шалқар ауданының екі ауылдық округінің тұрғындары қатысады
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Шалқар ауданының «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру дайындығының барысымен танысты. Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Өңір басшысының тапсырмасы бойынша әр ауылдың әлеуетін зерделеу мақсатында өткізілген скрининг қорытындысы бойынша Шалқар ауылдық округі мен Есет Көтібарұлы ауылдық округінің экономикалық тұрғыдан белсенді өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тұрақты табыс көзі жоқ 469-дан астам адам жобаға қатысады.
Түсіндіру жұмыстарынан кейін ауыл тұрғындары мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыту, басқа да салаларда шағын кәсіпорындар ашу мақсатында 90 жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді.
«Ауыл аманаты» жобасына әлеуетті қатысушылардың жобаларының басым бөлігі мал шаруашылығы мен өнімді қайта өңдеу саласына қатысты.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері Шалқар ауданында ірі қара мал саны 12%, жылқы 49,1% өскен. 13,5 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді.
«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде ауданда ауыл шаруашылығы саласының көптеген көрсеткіштері бойынша айтарлықтай өсім күтілуде.
2023 жылдан бастап бағдарлама аясында қатысушыларға 2,5% ғана жеңілдетілген несие беріледі. Қаражатты алу тетігі барынша жеңілдетілген. Бұл ретте жобаға қатысушы ауыл тұрғындары кооперативтерге біріге алады, бұл оларға қажетті техниканы лизингке сатып алуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Бұған дейін Жамбыл облысында сынақтан сәтті өткен «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын кеңейту – Президенттің тікелей тапсырмасы. Біз жобаны жүзеге асыруға барынша жауапкершілікпен қарауымыз керек. Оның басты мақсаты – әрбір отбасын тұрақты, лайықты табыспен қамтамасыз ету. Шалқар ауылдық округінде еңбекке жарамды халықтың 50 пайызға жуығының тұрақты жұмысы жоқ. Ал олардың барлығы жеке қосалқы шаруашылығын тұрақты табыс көзіне айналдыра алады», - деді Е.Тоғжанов.
Облыс әкімі «Талап» сервистік дайындау орталығы мен «Нұралы» шаруа қожалығының ет комбинатында болды.
Шаруа қожалығының басшылығы жобаны жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетеді.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі