
Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалы мүшелерімен кездесті. Жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында өңірдегі тіл саясатын дамытуға өз үлесін қосып жүрген 16 қаламгерге Алғыс хат пен әрқайсына 200 мың теңге көлемінде облыс әкімінің арнайы стипендиясы табысталды. Ақтөбе өңірінің ақын-жазушыға бай өлке екендігін қазақтың баласы да, даласы да жақсы білетінін айтқан өңір басшысы:
— Ұлтымыздың өткеніндегі жарқын істерін болашаққа өшпес мұра ретінде қалдырған аға буынның ізін жалғастырушы бүгінгі қаламгерлер қазақ елі үшін қашан да қадірлі. Сіздерді қалың жұртшылық қоғам құбылыстарының сарапшысы, халықтың мұң-мұқтажын білдіретін зиялы қауым ретінде таниды. Мемлекет басшысы күні кешегі Жолдауында «тамырсыз идеяларға тойтарыс беретін зиялылардың белсенділігі өте маңызды» деп арнайы тоқталып өтті. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерді бірлесе шешеміз деген үміттемін. Бүгінгі басқосу Ақтөбеге, жалпы елімізге жаңа бір рухани серпіліс, жаңа леп береді деген сенімдемін, — деді.
Кездесу барысында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ертай Ашықбаев, жазушы-сатирик Төрежан Мәндібай, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, Талғат Тілеулесов, ақын, Табылды Досымов қорының директоры Бижан Қалмағамбетов сөз сөйлеп, өңірдің әдеби-мәдени даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып, қоғамға ортақ мәселелерді ортаға салды. Облыстың рухани-мәдени бағытта жасалып жатқан жұмыстары әрі қарай жалғаса береді. Қазан айында Ақтөбеде Есет батырдың 355 жылдығы және «Әдебиет.Рух.Қоғам» республикалық форумы өтеді.
— Соңғы үш жылда «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы республикалық жазушылар одағымен бірлесіп өткізіліп келеді. Бұл — ақын-жазушыларға көрсетіліп отырған керемет қолдау. Форумның тек Ақтөбеде өтуі сіздерге жасалып отырған жағдай деп қабылдау керек және ақтөбелік ақын-жазушыларды, атап айтқанда Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, Үмбетбай Уайдин, Ізтай Мәмбетов, Мұхамбетқали Қажығалиұлы, Өтежан Нұрғалиевтерді ұлықтау болып отыр. Табылды Досымов атындағы байқау, жыршылар байқауының өткізілуі, «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы мәдениет пен өнерге деген қамқорлық деп түсінуіміз керек, — деді өңір басшысы.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі