Сенбілікке шықпаған мекеме басшыларына ескерту берілді

Сенбілікке шықпаған мекеме басшыларына ескерту берілді

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында сенбілікке шықпаған мекеме мен кәсіпорындардың басшыларына ескерту берілді.

Өткен сенбіде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығының ұжымы өздеріне бекітілген аумақта тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеген. Олардың қатарында Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Қазынашылық департаментінің ұжымы да бар. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментінің ұжымы сенбілікке мүлде шықпаған.

Ералы Тоғжанов өткен дүйсенбіде облыстық көпсалалы аурухананың, «Әйгерім» жеке клиникасының және қалалық балалар ауруханасының аумағын үш күн ішінде тазартуды тапсырған еді. Төртінші күні жүргізілген мониторинг барысында айтылған жердің тазаланбағаны анықталды. Аурухана ауласында аллергия тудыратын арамшөп — амброзия өсіп кеткен.

— Бұл жерге адам емделу үшін келеді. Ал сендер тұрған аумақта адам денсаулығына кері әсер ететін арамшөп өсіп, қоқыс шашылып жатыр. Мен бұл жерден тұрғындардың денсаулығын ойлап тұрған адам көріп тұрғаным жоқ. Денсаулық сақтау мекемелері бұл бағытта ең алдыңғы қатарда тұруы керек. Халықты ауыртпаудың жолын айтатын осы кісілер болуы керек қой, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ «Шипагер» медициналық орталығы, «Абрикос» дүкенінің мен 12 шағын ауданда орналасқан «Дина» супермаркетінің маңында да арамшөп өсіп, қоқыс шашылып жатыр.

Жиында қаланың басты әуе және темір жол қақпасының маңы да тазалықты қажет ететініндігі айтылды. Сондай-ақ мәдениеттің ошағы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратының арты арамшөптен көрінбейді. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының маңындағы көлік тұрағы мен «Ақтөбе ТЭЦ», Еврострой, Мерей құрылыс дүкендері мен Мега Шығыс сауда үйі, Алькор қонақүйінің маңы, Сәңкібай батыр, 101а даңғылындағы сауда үйі мен Формула ТҚС, Мой24 көлік жуу орны да өте лас аумақтар қатарында. 

Жиын барысында облыс әкімі сенбілікке бір кісідей атсалысқан мекемелерді атап өтті.

— Ақтөбе медициналық орталығының ұжымына сенбілікке белсенді қатысқаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, «Гелиос» жанармай құю станциясының басшылығы ескертулерден кейін өз аумағын тез арада тазалады. Тазалау бар да, сол таза жерді күтіп ұстау бар. Сондықтан алдағы уақытта бұл жұмыстарға мұқият болу керек, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сенбілікке шықпаған мекемелердің барлығына айналасын тазарту үшін белгілі бір уақыт берілді. Егер тапсырма орындалмаған жағдайда тиісті шара қолданылады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі