Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласының дамуына қатысты жиын өтті. Қалалық әкімдікте өткен жиынға мемлекеттік орган басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығының» өкілдері, мердігерлер қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, цифрландыру бағытындағы «Ақылды қала» жобасының жүзеге асырылуы, қаланың урбанистикалық жаңғыртылуы секілді өзекті мәселелері қаралды.
Жиында баяндама жасаған қала әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы проблемалық мәселелерге тоқталып, олардың шешілу жолдарын таныстырды. Жол инфрақұрылымының мәселесі, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонға орналастыру, оларды жинау, сұрыптау — облыс орталығындағы проблемалық мәселелер қатарында.
— Жолдардың барлығын көріп шықтым, мердігерлермен кездестім. Бәрінің айтатыны бір әңгіме — битум тапшылығы. Аталған мәселені екі күнде шешіп, 10 мың тонна битум жеткізуге келістік. Сол жеткізілген битумның бүгінгі таңда 6400-і ғана игерілді. Соған қарағанда мәселе тек битумда емес. Қысқасы, қалада басталған жол құрылысының барлығы міндетті түрде бітуге тиіс. Оның ішінде көпшіліктің талқысында жүрген 41-разъездегі жол да бар. Елек көпіріне де қатысты мәселе қыс түспей шешілуі керек, — деді облыс әкімі.
Асхат Шахаровқа екі аптаның ішінде қаланың санитарлық жағдайына қатысты 140-тан астам ескерту берілгенін айтқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов қала тазалығы, жарықтандыру, бұралқы иттер, бейнекамералар орнату, қоғамдық көліктер мен аялдамаларға қатысты мәселелерді шешіп, автомобиль жолдарынан өзге жаяу жүргіншілерге де жағдай жасалуы керектігін айтты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов соңғы 3 жылда Ақтөбе қаласында 963 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 71 қаза тапқанын, 1164 адам дене жарқатын алғанын мәлімдеді. Ал 444 жол көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болыпты.
— Қала аумағында автокөліктер соқтығысып қалған жағдайда, сіздің қызметкерлеріңіз сол жерге барып, жедел түрде мәселелерін шешуге тиіс. Бірақ, біздің қалада аталған көліктер кептеліс тудырып, басқа жүргізушілерге кедергі келтіріп бірнеше сағаттап тұрады. Осы мәселені шешу қажет, — деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ қаланы цифрландыру бойынша баяндама жасаған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевқа қолданыстағы заңнама шеңберінде меншік нысанына қарамастан, бейнебақылау камераларын полиция департаменті жанындағы жедел басқару орталығымен барынша интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіп, коммуналдық қызметтердің барлық саласын цифрландыруды және «Ақылды қала» жобасын енгізу бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Жиынға қатысқан «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығының» төрағасы Ерлан Аукенов қалалық инфрақұрылымды, саябақтарды, шағын бақтар мен спорт алаңдарын дамыту жобаларын, сондай-ақ облыс әкімінің ұсынысы бойынша Елек өзенінің жағасын абаттандыруға қатысты жасаған жобасын таныстырды.
— Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмалардың барлығы — қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін. Әрбір қала тұрғыны өзін қауіпсіз сезініп, тұрып жатқан үйінің аумағын қолындағы смартфоны арқылы бақылап отыратындай болуға тиіс. Бұл жұмыстардың барлығы бір күнде бітпейді және бір адамның ғана қолындағы шаруа емес. Сондықтан «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, ол жұмыстарды бірлесе жасауымыз керек.
Қала тұрғындарының, қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірлерімен санаса отырып, тиісті мекеме басшыларынан нақты әрі сапалы жұмыс жасауды сұраймын. Қазір сұраймын, болашақта талап ететін боламын, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі