
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов аудандарды аралауды бастады. Ол Хромтау ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Басты назар ауыл шаруашылығын дамытуға арналды.
Жұмыс бабымен соққан алғашқы орындардың бірі - «Ақжар агро» ЖШС болып, онда Е.Тоғжанов күзгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Биыл «Ақжар агро» шамамен 14,5 мың гектар жерге астық, майлы және жемшөп дақылдарын еккен. Сондай-ақ, облыс әкімі «АКМЭЗ» май экстракциялау зауытының қуаттылығын қарап шықты. Кәсіпорын ай сайын 20 мың тонна тазартылмаған май мен 26 мың тонна жемшөптік күнжара өндіреді. Өнімнің 80 пайызы экспортталады.
Е.Тоғжанов өңірдің ауыл шаруашылығы өніміне деген қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілу керектігін атап өтті.
«Өнімдеріңізді экспорттаймыз деп туған өлкенің қажеттілігін ұмытпаңыздар. Ең алдымен жергілікті нарықты қамтамасыз ету керек»,- деді Е.Тоғжанов.
Ол сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру маңызды екенін атап өтті. Осы мақсатта облыс әкімінің тапсырмасымен 2023 жылы толық өңдеу цикліне өту жоспарын жүзеге асыруда «АҚМЭЗ» зауытына қолдау көрсетіледі.
Өңір басшысы сондай-ақ, аудан әкіміне мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына байланысты нақты тапсырмалар беріп, ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыл тұрмысының жағдайына бейжай қарамауға шақырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы дайындалып жатыр. Осы жобаның жүзеге асырылуына бәрі де белсенді қатысу керек. Оның басты мақсаты – ауылдағы әрбір отбасыны қамтып, тұрақты табыс көзін құру, әл-ауқатын жақсарту. Бұл жерде екіжақты жауапкершілік болғаны дұрыс. Ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ауылдардағы тұрмыс жағдайын жақсартуға ат салысу керек. Сол кезде ғана біздің ауылдар гүлденеді»,- деді Е.Тоғжанов.
Өңір басшысының жұмыс сапары аудандағы бірнеше ауылдарда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысумен және ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын аралаумен жалғасты.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі