Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Е.Тоғжанов битум қоры орналасқан «Южпромснаб» ЖШС базасын қарап шықты.
Белгілі болғандай, Ақтөбе облысындағы жолдардың құрылысы битум тапшылығы салдарынан баяулап қалған болатын. Бүгінде өңір басшысы Шымкент қаласындағы битум зауытымен келісімге келді, кәсіпорын сұранысымызды толық қанағаттандыруға дайын. Жуырда битумның алғашқы партиясы Ақтөбеге жеткізіліп, өнім «Южпромснаб» ЖШС резервуарларында сақталатын болады.
Е.Тоғжанов ЖШС басшылығына: «Шамамен 25 компания жол жөндеумен айналысады. Бүгін, бір күн ішінде әрқайсысымен битум сатып алу жөнінде келісімге қол қойылу керек»,- деп тапсырды.
Бұдан бөлек, қаланы жұмыс бабымен аралаған облыс басшысы жол жөндеу жұмыстарын баяулатып отырған «Прогресс KZ» ЖШС және «Атом БГ» ЖШС мердігер мекемелеріне ескерту берді. («Прогресс KZ» ЖШС 2018 жылдан бері Батыс-2 шағын ауданындағы 5,4 шақырым жолды, «Атом БГ» ЖШС 2017 жылдан бері Есет батыр тұрғын үй алабындағы 1 және 1А шағын аудандарындағы 8,2 шақырым жолды салып келеді).
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Ералы Тоғжанов: «Жұмыстың мақсатты жүйесін көріп тұрған жоқпын. Жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтамасаңыздар, басқаша әңгімелесетін боламыз. Маған жұмыс кестесін беріңіздер. Нысандарыңыз қатаң бақылауда болады. Өзім жеке келіп, жұмыс барысының кесте бойынша жүріп жатқанын тексеретін боламын»,- деп атап өтті.