Ақтөбе облысының әкімі Е. Тоғжанов қаладағы халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін бірқатар коммуналды кәсіпорындарда болды. Олардың қатарында «Aqtobe su-energy group» АҚ, «Энергосистема» ЖШС, «Актобе ТЭЦ» АҚ мекемелері бар.
Кәсіпорын басшылары жылыту маусымына дайындық шаралары бұдан бұрын жоспарланған кесте бойынша жүріп жатқанын жеткізді.
Аймақ басшысы құзырлы мемлекеттік органдарға бұл жұмысты ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Облыс әкімі «Халық жылумен және басқа да коммуналдық игіліктермен үздіксіз қамтамасыз етілуі тиіс»,- деп атап өтті.
Аймақ басшысы нақты тапсырмалар берді, оның ішінде кәріз желілерінің тозуын азайту да бар.
«Ақтөбеде кәріз жүйелерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Мәселені шұғыл шешу керек. Бұдан бөлек, кәріз-тазарту құрылыстарының жаңа кешенін салу қажет. Бұл сондай-ақ, экология саласындағы проблемалық сұрақтарды шешу үшін де маңызды»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі мемлекет басшысының электр желілерінің тозуын азайту туралы тапсырмасын орындайтын жұмыстарды күшейтуді және өңірдің электрге тәуелділігін төмендететін шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Облыс барлығы 900 мегаватт электр энергиясын тұтынса, оның 400 мегаватын басқа өңірлерден сатып алады.
Ақтөбе облысы бойынша өндірілетін электр энергиясының 11 пайызы «Актобе ТЭЦ» АҚ үлесінде. Қазіргі таңда кәсіпорын бу-газды қондырғылар цехын тұрғызуда. Бұл стансаның өндірістік қуаттылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа цех жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл өңірдің энергия тапшылығы мәселесін ішінара шешеді.
Е. Тоғжановтың тапсырмасымен құзырлы мемлекеттік органдар жоба уақытында іске қосылып, толықтай жобалық қуатқа шығу үшін барлық тиісті қолдауды көрсететін болады.
Бұдан өзге, аймақ басшысы Есет батыр тұрғын үй алабындағы қазандықты кеңейту жұмыстары мен Әуе қалашығындағы жаңа қазандықты қарап шықты.
Еске сала кетейік, былтыр Әуе қалашығында жұмыс жасап тұрған қазандық жүктемені көтере алмай, істен шығып, жылумен жабдықтау кезінде проблема болған. Жаңа қазандық қазан айының 1-інен бастап пайдалануға дайын.
Облыс әкімі жаңа маусымда жылу мәселесін болдырмауды тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі