Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өңірде жол жөндеумен және салумен айналысатын 20 мердігер мекеменің өкілдерімен өткізген жиналысында мәлім болды.
Жиынға сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысы.
Өңір басшысы Шымкент қаласындағы битум зауытымен келісім жасалғанын, кәсіпорынның облыс сұранысын толық қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – барынша тығыз мерзімде облыс орталығындағы жол мәселесін жабу. Қазір жұмысты сапалы әрі көрсетілген мерзімде орындауға кім дайын екенін шешу үшін әрбір мердігермен сөйлесу керек», - деп атап өтті облыс әкімі.
Ақтөбедегі басым жол жобаларының қатарында Оңтүстік айналма жолды, Ақтөбе-Орск тас жолын, Тәуелсіздік даңғылы мен Мұстафа Шоқай көшесін жөндеу және салу жұмыстары бар.
«Біздің 1,5 айымыз қалды, қарқынды жұмыс істеу керек. Мен өз тарапымнан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын»,- деген Ералы Тоғжанов республикалық жолдарды салуға және жөндеуге қажет битуммен қамтамасыз етуде проблема жоқ екенін айтты.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі