Қазақстанда 2004 жылдан бері тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні болып аталып келеді. Осы оқиғаға орай Ақтөбенің Триатлон паркінде мерекелік шара өтті.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды құттықтады.
"Спортшылар, ардагерлер және сала қызметкерлері!
Баршаңызды еліміз кеңінен атап өтіп жатқан Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі уақытта спорт қызметкерлеріне, жалпы салаға айрықша көңіл бөлінуде.
Өңірдің барлық аймақтарында, шалғай жатқан ауылдарға дейін түрлі бағыттағы көптеген заманауи спорт нысандары қолға алынып, қарапайым спорт алаңдары құрылысы салынуда. Биылдың өзінде Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені, футбол академиясының құрлысы, үстел теннисі орталығы секілді ірі жобалар, 5 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені, 60-тың үстінде спорт алаңдары бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Спортшыларымыз кешенді ойындарда әжептәуір өнер көрсетіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлдеге ие болуда. Келесі жыл Париж Олимпиадасына дайындық жылы. Біз ақтөбелік спортшыларға сенеміз және үлкен үміт артамыз",- деді облыс әкімі.
Триатлон паркінің алаңында Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Олимпиада және Сурдлимпиада ойындарының қатысушылары сынды танымал спортшылар өнер көрсетті.
ҚР дене шынықтыру және спорт саласының еңбек сіңірген қызметкерлері, ҚР құрметті қайраткерлері, біртуар спортшылар, белсенді азаматтар мен дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлері марапатталды.
Ақтөбеліктер үшін гроссмейстерлермен бір мезгілде шахмат сеанстары, би батлдары, баскетбол, шәйнекті көтеру, қол күресі, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.
Триатлон паркіне келген ең жас ақтөбеліктерді дзюдо, еркін және грек-рим күресі, самбо, қазақша күрес, джиу-джитсу және басқа да спорт түрлерінен көрсеткен көрсетілімдері ерекше қуантты.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі