Облыс әкімдігінде өткен жиында ормандарды қалпына келтіру шараларының жүзеге асырылуы талқыланды. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин төрағалық етіп, оған бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Ақтөбе облысының мемлекеттік орман қоры аумағында бес жыл ішінде 30,7 гектар алаңға 60,2 млн дана орман ағашын отырғызу жоспарланған. Биыл 7,3 млн мың гектар алаңда 15,3 млн дана орман екпелерін отырғызу жоспарланған. Осы жылғы көктемде мемлекеттік орман қоры аумағында 5,6 млн дана орман екпелері отырғызылды.
Көктемгі су тасқыны салдарынан кейбір орман шаруашылығы мекемелерінің питомниктері су астында қалып қойып, көктемгі көгалдандыру кезеңінде орман дақылдарын отырғызудың жоспарланған көлемі орындалмаған. Алайда орман дақылдарын отырғызу бойынша жоспарланған жұмыстар күзгі кезеңде толық орындалатын болады.
Облыс әкімі құзырлы органдарға көшеттер жақсы өсіп кетуі үшін ағаш отырғызу жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Жиын барысында аумақтардың шөлейттену мәселесі де қаралды.
Шөлейттенуге қарсы шаралар аясында былтыр Ырғыз ауданының бес елді мекеніне құм бекіту бойынша жұмыс жобасы әзірленгені айтылды. Қазіргі таңда соны жүзеге асыру үшін ақша бөлу жағы қарастырылып жатыр. Сонымен бірге, Байғанин ауданының алты елді мекенінде осындай жобаны жүзеге асыру үшін қаражат бөлініп қойған.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі