Ақтөбенің озат әрі белсенді студенттері облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді

Ақтөбенің озат әрі белсенді студенттері облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді
Ақтөбе облысының әкімдігінде 8 шілде күні өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жастар кәсіпкерлігін дамыту, Шалқар ауданында жастар саясатын жүзеге асыру және студенттерді шәкіртақымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Отырыс барысында облыс әкімі жастарды жан жақты қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экономика және бюджеттік жоспарлау, ішкі саясат басқармаларына Ақтөбе қалалық әкімшілігімен бірлесіп ағымдағы жылдың қазан айына дейін өңірдегі жергілікті жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны іске қосу мүмкіндігін пысықтау тапсырылды. Бұдан бөлек, облыс әкімі белсенді жастардың бастамаларын қолдау мақсатында мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын өңірде жыл соңына дейін жүзеге асыруды тапсырды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баршаңызға жақсы таныс «Тәуелсіздік – ең қымбат» атты мақаласында дарынды жастарды қолдауға көңіл бөлді. Ол белсенді іске асыру біз үшін басым міндеттердің бірі болып табылатын бірқатар тапсырмалар берді. Олардың қатарында сапалы білім беру, басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бар. Біз өз кезегінде жастар тарапынан үлкен әлеуметтік және азаматтық белсенділікті күтеміз", - деп атап өтті облыс әкімі Кеңес мүшелеріне.
Жалпы атаулы стипендия тағайындауда өңірімізде волонтерлық қызметтің дамуына үлес қосып жүрген ерікті жастарымызға және туған өлкеміздің дамуы үшін қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып журген студенттерімізге мүмкіндік берілді.
Жоғарыда аталған жалынды жастарымыздан бөлек әлеуметтік осал топтағы жастар мен озат оқушыларға да басымдық берілді.
Осы орайда, жоғары оқу орындары мен колледждерден өтініш білдірген 300-ден астам үміткер студенттің арасынан атаулы стипендияны тағайындау жөніндегі комиссия 188-ін іріктеп алды.
Отырыс соңында жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының он үздік студентіне 2022 жылы облыс әкімінің атаулы стипендиясын алуға сертификаттар табыстаумен аяқталды.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі