Облыс әкімдігінде мүгедектігі бар жандардың тұрмыс сапасын жақсарту және тұрғын үй мәселесін шешу сұрақтары қаралды

Облыс әкімдігінде мүгедектігі бар жандардың тұрмыс сапасын жақсарту және тұрғын үй мәселесін шешу сұрақтары қаралды
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында мүгедектігі бар жандардың тұрмыс сапасын жақсарту және тұрғын үй мәселесін шешу сұрақтары қаралды. Биыл Ақтөбе облысында барлық қаржы көздерінің есебінен 1,2 млн м2-ден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 372,1 мың м2 тұрғын үй падалануға берілген.
Азаматтарды баспанамен қамтудың жаңа механизмдері де талқыланды, оның ішінде жалдамалы төлемді субсидиялау да бар. Ақтөбе облысында субсидия төлеу осы айда басталады деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімі құзырлы мемлекеттік органдарға тұрғын үйдің жоспарланған көлемін уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту шаралары аясында ағымдағы жылдың басынан бері 8 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат техникалық оңалту құралдарымен және санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілді.
Бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік жағынан бейімдеп, одан әрі жұмысқа орналастыратын «Тең қоғам» жобасы бар. «Тең қоғам» орталығының қызметін жыл сайын 300-ге жуық адам пайдаланады. Жыл басынан бері 414 әлеуметтік инфрақұрылым нысанында мүгедектердің кедергісіз кіруіне жағдай жасалған.
Өңірдегі 236 кәсіпорында мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған квоталар бекітілген. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданындағы оңалту орталықтарын, мамандандырылған дене шынықтыру-сауықтыру орталығын, аутизммен ауыратын балаларға арналған оңалту орталығын және т.б. сияқты бірқатар маңызды әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мәселені талқылаудың нәтижесінде облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жиын соңында Оңдасын Оразалин қала әкімі мен онлайн түрде қатысқан аудан әкімдеріне шөп шаруашылығын жеке бақылауда ұстауды және қыс мезгілінде мал азығын сапалы дайындауды тапсырды.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі