27 маусым күні "Алақай" облыстық қуыршақ тетрында "Ер Едіге" жыршылар мектебінің тәрбиеленушілерінің есеп беру
концерті өтті.
Мектеп бір жыл бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан халық шығармашылығын сақтау және насихаттау мақсатында ашылды. Мектептің ең жас тәрбиеленушілері 6 жаста, үлкендері 20 жастан асқан. Мектеп үлкен сұранысқа ие, нәтижесінде бір жыл ішінде қалада мектептің үш филиалы ашылды – Батыс-2 және Есет-батыр тұрғын үй алаптарында, Қазанғап атындағы өнер мектебінде.
Ақтөбеде өткен есепті концертті облыс әкімі Оңдасын Оразалин тамашалады.
"Бүгін біз балаларымыздың, жастардың қаншалықты талантты екенін көрдік. Олар біздің халқымыздың дәстүрлі өнерін зерттеуге үлкен қызығушылық танытатынын байқадық. Жыраулардың поэзиясы - Ақтөбе жерінің бай мұрасы. Өкінішке орай, көптеген жылдар бойы өнердің бұл түрін дамытуға және танымал етуге тиісті көңіл бөлінбеді. Сондықтан өңірде жыршы мектебін ашу туралы шешім қабылдадық. Ата-бабаларымыздың бай мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу - біздің парызымыз", - деп атап өтті Оңдасын Оразалин шараға қатысушыларға арнаған сөзінде.
Концерттен кейін жыр мектебін одан әрі дамыту келешегі талқыланды. Өңір басшысы мәдениет басқармасына мектепке жүйелі қолдау көрсетуді, талантты тәрбиеленушілерге одан әрі орта кәсіптік және жоғары кәсіптік оқу орындарында оқуды жалғастыруда көмек көрсетуді тапсырды.
Айта кету керек, жыр мектебінде ұстаздар тек оқытып қана қоймай, ғылыми қызметпен айналысады. Жақында мектеп оқытушылары Наурызбек жыраудың 90 жылдығына орай ақынның шығармалар жинағын шығарды.
Жалпы, Ақтөбе облысында соңғы жылдары өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, Едіге батыр туралы естелікті жаңғырту және сақтау жөніндегі жұмыстар шеңберінде ғана халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, ескерткіш орнатылды, «Ер Едіге - Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық жинағы шығарылды, сондай-ақ тарихта тұңғыш рет ұлы батыр туралы спектакль қойылды. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен өңірде халықтың бай мәдени мұрасын насихаттау жұмыстары жалғасуда.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі