21 маусым күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен
сыбайлас жемқорлық пен терроризмге қарсы іс-әрекет жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Полиция департаментінің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлықты ескерту, сонымен қатар ауыл шаруашылығы субъектілерін субсидиялау кезінде жемқорлық қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды ескерту шаралары қаралды.
2021 жылы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 22,6 млрд. теңге субсидия бөлінді.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімі мен мал басы ұлғайды.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау ретінде барлығы республикалық және жергілікті бюджеттен 25 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр, қазіргі уақытта субсидия төлеу жұмыстары жүруде. Жалпы алғанда, басқарма қызметкерлері өз құзыреті шеңберінде бюджеттік субсидиялар берудің заңдылығына тұрақты мониторинг жүргізуде. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов азаматтардың осы уақыт аралығында басқарма қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне немесе сыбайлас жемқорлық көріністері бар фактілерге қатысты шағымдар түспегенін айтты.
Отырыс барысында сондай-ақ, дәстүрлі емес дін ағымын ұстанушыларды оңалту және күзет қызметін мемлекеттік бақылау сұрақтары қаралды.
Отырыс соңында облыс әкімі барлық бағыттар бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтіп, бірқатар тапсырмалар берді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі