Ақтөбе облысында егін егу жұмыстары аяқталу барысында

Ақтөбе облысында егін егу жұмыстары аяқталу барысында
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 7 маусым, сейсенбі күні өткен аппарат жиынында өңірдегі егін егу науқанын барынша тездетуді тапсырды.
Ауа райы егін егу барысына айтарлықтай әсер етті. Мамыр айының II-III онкүндігінде облыс бойынша орташа есеппен 2,5 есеге дейін нормадан артық жауын-шашын түсіп, толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егіс жұмыстарының қарқыны баяулады.
«Біздің егіс жұмыстарын аяқтауға әлі де уақытымыз бар. Егер тездетпесек, күзде, жаңбыр ерте басталса егін жинауда қиындықтар болуы мүмкін. Әр қожалықтағы егін егу барысын бақылаңыздар. Егін егу жұмыстары кешеуілдесе де, ылғал қоры бар, тұқыммен және жанар-жағармай материалдарымен қамтуда проблема болмайды – жақсы егін алуға мүмкіндік бар. Шабындық та уақытылы ұйымдастырылуы керек»,- деді Оңдасын Оразалин.
Шаруашылық құрылымдары, қарқынын арттыра отырып, тәулігіне 32 мың га дейін егуде. 
Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында өсімдік шаруашылығы бойынша жергілікті бюджеттен 1,3 млрд.теңгеге субсидия төлеу жұмыстары жүргізілуде. Қаражат ​ тұқым, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер бағасын арзандатуға арналған.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі