Облыс әкімі егін науқаны мен жол құрылысы жұмыстарының барысын тексерді

Облыс әкімі егін науқаны мен жол құрылысы жұмыстарының барысын тексерді

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин егін науқаны мен жол құрылысы жұмыстарының барысын тексерді.
Ақтөбе облысында жол жабындысының сапасын жақсарту, жаңа жолдар салу, жол учаскелерін кеңейту жұмыстары жалғасуда.
4 маусым күні облыс әкімі 5-42 шақырым жердегі облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк» автокөлік жолының жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. Биыл Солтүстік айналма жол мен Ақшат бұрылысына асфальт төсеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Жоба келесі жылы толық аяқталады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр облыс бойынша жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының ағымдағы жағдайы жайында ақпарат берді. Өңір басшысы жол құрылысына қатысты әр жобаның жүзеге асырылу барысын, соның ішінде Оңтүстік айналма автокөлік жолындағы жұмыстарды қатаң бақылауды тапсырды.
«41 разъезд – өте маңызды нысан. Мамыр айы жаңбырлы болып, жұмыс қарқынын бәсеңдетті, бірақ осы айдың соңына дейін Ясный ауылының маңындағы жұмыстар аяқталу керек. Күзге қарай Оңтүстік айналмадағы жөнделіп жатқан барлық жерге асфальт төселуі тиіс», - деді Оңдасын Оразалин.
Өңірде 2022 жылы барлығы 583 шақырым автомобиль жолы салынып, қалпына келтіріледі және жөнделеді. Бұл мақсатқа 34,3 млрд. теңге бөлінеді.
Мәртөк ауданында облыс әкімі «Еңбек» шаруа қожалығына барды. Сүтті мал шаруашылығына мамандандырылған шаруа қожалығының басшысы Арслан Сүгірбаев мал азығын егуге кірісіп кеткенін айтты. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қожалық биыл жаңбырлатып суаратын екі қондырғы сатып алды, енді егін жақсы болады деп сеніп отыр.
Облыс әкімі тиісті мемлекеттік органдар басшыларының облыс бойынша егін егу жұмыстарының барысы жайлы баяндамаларын тыңдады. Айта кетейік, мамыр айындағы жауын-шашын салдарынан егіс науқаны кешіктіріліп жатыр. Дегенмен, топырақта ылғалдың көп болуы және егіс науқанына дайындық бойынша алдын ала жүргізілген шаралар вегетациялық кезеңнің соңында диқандардың мол өнім алатынына сенім ұялатады. Сондай-ақ, сол күні облыс әкімі Мәртөк ауданын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Есет Көкіұлы көшесінде Оңдасын Оразалин жергілікті Арбатты қарап шығып, осы жылы жөнделетін 12 ауылішілік жолдардың жөндеу жоспарларымен танысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі