
4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді. Ақтөбе облысында мерекеге орай тақырыптық, мәдени шаралар өтуде. Негізгі салтанатты шара Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдени және демалыс саябағындағы тутұғыр алаңында өтті. Шара басында саябақта жүрген мыңдаған ақтөбелік Қазақстан Гимнімен қатар жалпыреспубликалық акцияға қосылды.
Кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбеліктерді мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
«Сан ғасырлар бойы бабаларымыз еркін ел болуды аңсап, азаттық жолындағы күресте қаншамасы құрбан болды. Бірде жеңдік, бірде жеңілдік. Жеңіске жетсек ол еліміздің бірлігінің арқасында. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір ауыз сөзге тоқтаған ынтымағының арқасында болды. Жеңіліс тапсақ, ауызбіршіліктің, ұйымшылдықтың жетіспеушілігінің салдары болды. Ол тарихи шындық. Одан біз сабақ алуға тиістіміз.
Осының бәрін ескерсек бiздiң санамызда «бiр тудың астына бiрiгу» ұғымы тектен текке қалыптасқан жоқ. Мемлекеттiк мерекелер мен спорттық жеңiстер секiлдi Отанымыз үшiн маңызды сәттерде рәмiздеріміздің айбыны асқақтайды. Ресми халықаралық шараларда Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көкке көтерiлгенде әр қазақстандықтың жүрегiн ерекше мақтаныш сезiмi кернейдi.
Біз оларды өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, ашықтық, бейбiтсүйгiштiк, еркiндiк пен келiсiм негiзiнде Мемлекет басшысы айқындаған Жаңа Қазақстанды жүзеге асыратын боламыз. «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз. Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді әрқашанда құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтардың борышы»,- деді облыс әкімі.
Шара соңында спортшылар ҚР Туын ұстап парадқа шығып, көліктер жүріп өтті.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі