Жұма, 3 маусым күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманғали Бердалинмен, Ғалымжан Елеуовпен, Дания Еспаевамен кездесті.
Мәжілісмендер өңірде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, алдағы ҚР Конституциясына түзету енгізу бойынша республикалық референдумның маңыздылығы туралы айтып жүр.
"Облыстың шалғай елді мекендерінде, облыс орталығының ірі кәсіпорындарында болдық. Жалпы, ақтөбеліктер Президенттің саяси реформасын қолдайды. Бұған өңірдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай ықпал етуде. Халық жүргізіліп жатқан жұмыстарды, тұрмыс деңгейінің жақсарып келе жатқанын көріп отыр. Президент тапсырмасы бойынша әзірленген Ақтөбе облысын дамыту жоспарын жүзеге асырудың арқасында бүгінде облыс халқы газбен 98 пайыз, орталықтандырылғанн сумен 99 пайыз қамтылған. Ақтөбе облысында республикалық және облыстық маңызы бар жолдар ғана жөнделіп жатқан жоқ, аудандық маңызы бар жолдарға да назар аударылып жатыр. Тек Әйтеке би ауданының өзінде аудан орталығы мен ауылдық округтерде 2,6 млрд теңгеге жол жөнделуде. Хромтау ауданына бардық, ол жақта да осы жағдай – аудан орталығы мен ауылдық округтердің жолдарын жөндеу үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Халық осының бәрін көріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформасын қолдайтындарын айтты»,- дейді Аманғали Бердалин.
Депутаттар облыс тұрғындарымен өткен ондаған кездесулердің нәтижесінде референдумды қолдауға байланысты жүргізілген түсіндіру жұмыстарына жоғары баға берді. Аманғали Бердалин:
«Ақтөбеліктердің басым бөлігі Конституцияға қандай түзетулер енгізу ұсынылатынын біледі, болатын өзгерістердің маңыздылығын түсінеді. Бұл тұрғыдағы жағдай жақсы, біз соған өзіміз көз жеткіздік. Референдумды қоғамдық қолдаудың облыстық штабы тіпті небәрі 10-15 үй бар ауылдарды да қамтыған. Бұл туралы тұрғындардың өздері айтып жүр»,- деп атап өтті.
Облыс әкімі мәжілісмендерге өңірде жүргізген жұмыстары үшін алғысын білдірді.
«Аға буын, әрине, референдум туралы жақсы біледі. Мәселе жастарға көбірек қатысты болды. Оларға түсіндіру жұмыстары барысында ерекше назар аударылды. Заңға сәйкес, сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысса, референдум өтті деп есептеледі. Маңызды шараға облысымызда халықтың басым бөлігі қатысатынына сенімдімін», – деді Оңдасын Оразалин.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі