
30 мамыр күні облыс әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалин 24-ші Сурдлимпиада ойындарында өңірдің атынан шыққан Қазақстан құрама
командасының мүшелері - ақтөбелік спортшылармен және олардың жаттықтырушысы Жанат Қожантаевпен кездесті.
24-ші Сурдлимпиада ойындары Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтті. Оған жүз елден келген есту қабілеті нашар 4 мыңнан аса спортшы спорттың 21 түрі бойынша қатысты.
Қазақстандық спортшылар Сурдлимпиада ойындарына 1997 жылдан бастап
қатысады. Биыл алпыстан аса спортшы ел намысын қорғаса, оның ішінде Мұхтар Есенғосұлы, Бексұлтан Малайдар, Ерлан Сүйеуәлиев пен Руслан Орынбасаров сияқты ақтөбеліктер бар. Айта кетейік, ақтөбелік спортшылар Сурдлимпиадаға алғаш рет қатысып тұр. Сурдлимпиада қорытындысы бойынша еркін күрестен 92 кг салмақта 24 жасар Бексұлтан Малайдар қола медаль жеңіп алса, 97 кг салмақта 25 жасар Есенғосұлы Мұхтар төртінші орынды иеленді.
«Ақтөбелік спортшылар осындай маңызды жарыстарда алда талай жеңістер
әкелетініне сенемін. Мұның жүзеге асуы үшін біздің облыста мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалуда.
Заманауи спорт нысандары бой көтеруде. Спорт секциялары ашылып, оның
дамуы үшін қаржы көздері ауқымды бөлініп келеді. Егер өткен жылы облыста 60 жаңа нысан пайдалануға беріліп, биылғы жылы тоқсанға жуық спорт нысандарын қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз.
Олардың арасында Ақтөбе қаласындағы «Үстел теннисі орталығы», Ақтөбе
қаласындағы «Футбол академиясы», аудандардағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру және 14 ангарлық типтегі кешен және тағы басқа нысандар.
Тағы бір атап өтерлік жәйт «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт орталық» құрылысын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз»,- деді спортшылармен тілдескен облыс әкімі.
Оңдасын Оразалин спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына әрі қарай
кәсіби жетістіктер мен зор денсаулық тілеп, бағалы сыйлықтар тарту етті. Бұдан бөлек, қола жүлдегер Бексұлтан Бекайдарға мемлекеттік қолдау ретінде пәтер берілетін болады.
«Мен Қазақстанның намысын қорғау үшін бар күшімді салдым.
Назарларыңызға рахмет, сонымен қатар, жаттықтырушыма, мүмкіндігі
шектеулі жандарға арналған спорт мектебінің директоры Гүлнар
Қартановаға алғысымды білдіремін. Ол өте талапшыл, біз одан көп нәрсе
үйрендік»,- дейді Бексұлтан Малайдар.
Жаттықтырушы Жанат Қожантаев спортшылардың алдында бір ай демалыс, әрі
қарай жаңа жауапты республикалық және халықаралық жарыстар бар екенін
айтты.
Жанат Қожантаев: «Мен тәрбиеленушілеріме көңіл бөлгендеріңіз үшін
шексіз ризамын. Қазірде бізде жаттығуға арналған жағдайлар жақсы.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жаңа спорт кешені ашылғанда бұдан
да керемет болады. Бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтылатын боламыз»,-
деп уәде берді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі