Сенбі, 28 мамыр күні Қала күніне орай ипподромда ұлттық спорт түрлерінен облыс әкімінің жүлдесіне «Аламан бәйге» және «Көкпар» турнирі өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысып, қала тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады. "Баршаңызды Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазіргі таңда алтын бесік Ақтөбе шаһары Батыс Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, ғылыми және рухани-мәдени орталығы болып отыр. Жыл өткен сайын сүйікті қаламыз дамудың жаңа сатысына қадам басып, қарыштап келеді. Бүгінгі шара ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа зор үлгі өнеге болары сөзсіз. Осы орайда қаламыздың қарқынды дамуына қосып жатқан зор үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін!
Алтын бесік Ақтөбеміз көркейіп, көріктене берсін!" - деді облыс әкімі жиналғандарды құттықтап.
Өңір басшысы жарыс жеңімпаздарына автомобиль кілті мен қаржылай сыйлықтар тапсырды.
Атап өтсек, "Аламан” бәйгенің жеңімпазы Алматы облысынан келген шабандозға "Нива" көлігінің кілтін табыс етті. Екінші орынды ақтөбелік шабандоз иеленсе, үшінші орын Алматы облысынан келген шабандозға бұйырды.
Шара барысында Ақтөбе облысының "Көкпар" федерациясының президенті Фархат Сансызбай аймақ басшысына "Көкпар" федерациясының Құрметті президенті куәлігі мен медалін табыс етті.