Сіздерді 9 мамыр - Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн - бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзат қауымымен бірге фашизмді талқандауға үлес қосқан аталары мен әжелері бар әрбір жан үшін ерекше күн. Соның ішінде әрбір төртінші азаматын соғысқа аттандырған қазақстандықтардың да көзінен мұңы мен қуанышы аралас жас парлаған күн.
Жеңіс мерекесі – «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп тынымсыз тірлік етіп, балалық бақыт дегеннің не екенін білмей өскен тыл еңбеккерлерінің де мерекесі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық» - деген еді.
Туған ел мен жердің тағдыры таразы басына түскен сын сағатта ақтөбелік азаматтар да ерен ерліктің өшпес өнегесін көрсеткені бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Ардагер ағаларымыздың соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен қайсарлығын бүгінгі буын Отанға адал қызмет етудің аманаты деп түсінеді.
Сол себепті, саны күннен күнге азайып бара жатқан әрбір майдангерді ескеріп, құрметтеу әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Ендігі жерде халықтың ауызбірлігін сақтап, ынтымақ пен татулықты одан әрі нығайта түсу – біздің басты парызымыз.
Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуіне – осынау мерекенің де үлесі зор. Мерейлі мереке қарсаңында барша ақтөбеліктердің отбасына амандық, зор денсаулық, еңбектеріне табыс, ортаймас дәулет, молшылық пен бақ-береке тілеймін! Ардагерлерімізге қажымас қайрат, сарқылмас күш-қуат тілеймін! Сіздер әрдайым ел қорғайтын әскерлердің салтанатты сапында құрметті жауынгер болып қала бересіздер! Батырларымыздың даңқы арта берсін!