Еліміздің қорғаны – айбынды ер- азаматтар десек, өздеріңізді бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен құттықтау мен үшін үлкен абырой. Отан отбасынан басталады дейтін болсақ, сіздердің қызметтеріңіз сол өздеріңіздің жанұя мүшелерімен тума-туыс, жақындарыңыздың бейбіт өмірін қорғаумен маңызды. Сіздердің туған ауылдарыңыздың, қалаларыңыздың бір көшеде бірге өскен қатар құрбыларыңыздың тыныштығын қорғау.
Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек,
Жылқыда да жылқы бар,
Қазан аты бір бөлек - дегендей, сіздерге нағыз азамат ретінде жүктелген міндеттің салмағы, әрине жеңіл емес. Жауапкершілігі де мол. Дегенмен абыройлы қызмет. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей, сіздер Отан қорғау жолында, ең әуелі өздеріңіздің ең жақындарыңызды қорғайсыздар. Отан қорғаушылар күні – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше күн.
Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 30 жыл толып отыр.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет ету – әрбір қазақстандықтың құрметті міндетіне айналды. Оған қоса, Отан қорғаушылар күніне ресми түрде мемлекеттік мереке мәртебесінің берілуі – қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде жоғары маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Армия – мемлекеттің берік қорғаны. Бүгінгі әскер – байрақты батыр бабалардың ұрпағы! Осыны ешқашан ұмытпаған жөн» - деп атап өтті.
Осы орайда ақтөбеліктер бүгінгі күні Отанымыздың қорғаныстық қабілетін нығайтуға, Қазақстан халқының игілігі мен бейбітшілігін қорғауға лайықты үлесін қосуда.
Бүгінгі мереке арқылы біздің әскери азаматтар жастарды отансүйгіштікке, Отан қорғауға тәрбиелеуге елеулі үлесін қосады деп сенемін.
Сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгіліктер мен игіліктер тілеймін. Ата-аналарыңыздың ел-халықтың үмітін ақтап, мақтан тұтар азамат болуларыңызға тілектеспін!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қажымас қайрат, мықты ерік-жігер, таусылмас бақыт тілеймін! Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз қашанда биік болсын!