Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі 26,5 млн. гектардан асады, оның ішінде жайылымдар - 24,8 млн. га. Айналымға тұрған ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 12,5 млн. га.
Келісім шарттарды мерзімінен бұрын тоқтату арқылы мемлекеттік жер қорына 524,8 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 39,2 мың гектар егістік жер қайтарылды.
Облыс әкімі пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
"Ауыл шаруашылығы қорының пайдаланылмайтын жерлерін мемлекеттік меншікке қайтарумен бірге олардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет", - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Сондай-ақ жиналыс барысында елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, қазіргі уақытта олардың көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының елді мекендерінің жайылымдарының жалпы ауданы 3,8 млн. га құрайды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі