Облыс әкімі жұмыс сапарымен Мәртөк және Қарғалы аудандарында болды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Мәртөк және Қарғалы аудандарында болды
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин облыс аудандарын аралап шығуды жалғастыруда. 30 сәуір, сенбі күні аймақ басшысы Мәртөк және Қарғалы аудандарында болды.
Мәртөк ауданының Тәңірберген ауылдық округінде облыс басшысы "Рад Агро" ЖШС-да болды. ЖШС директоры Дәулет Мұратов егін егуге дайын екенін айтты.
"Барлығы 8800 гектардан астам егістік және жайылымдық жерлеріміз бар, 30 адам жұмыс істейді. Ерекше проблемалық мәселелер жоқ. Егіс науқанына дайынбыз", - деді шаруашылық еңбеккерлері.
Аудан әкімі Алмас Салықбаевтың айтуынша, аудан бойынша егіс науқанына дайындық 100% - ды құрайды. Жұмыстар мамыр айының бірінші онкүндігінде басталады.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жайсаң ауылдық округіндегі "Дастан" шаруа қожалығында болды. Шаруашылық осыдан бес жыл бұрын ұйымдастырылған. Бүгінде 7200 гектардан астам жайылымдық және егістік жерлер, оның ішінде 400 гектар суармалы жерлері бар. Өткен жылы эксперимент ретінде 100 гектар күздік қара бидай егілді. Жоспарда 800 бас ірі қара малға арналған база салу, жүгері егу және жинау үшін арнайы техника сатып алу бар.
Өңір басшысы облыс бойынша жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайту қажеттігін атап өтті.
"Барлық жерде мал басының өсуі және шаруа қожалықтарының мал шаруашылығы жағына қарай еңістігі байқалады. Жем-шөп дақылдарын іріктеуге ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының мамандары тартылуы тиіс", - деді Оңдасын Оразалин.
Кейін облыс әкімі ұзындығы 28,3 шақырымды құрайтын "Мәртөк - Құрмансай" автожолын орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. «Кең даңғыл» ЖШС мердігерлік ұйымы жобаны осы жылдың қазан айында аяқтауы тиіс.
Құрмансай ауылының клубында аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Құрмансай тұрғындарының негізгі өтініші ауылды газдандыру болды.
"Жол мәселесі шешілді, енді газдандыру мүмкіндігін қарастырамыз. Келесі жылдан бастап жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісеміз. Мүмкін, 2024 жылдан кейін газ құбыры салынады. Бұл жерде осы уақытқа дейін халық санының азаймауы маңызды", - деп жауап берді облыс әкімі.
Мәртөк ауданына жұмыс сапары Мәртөк ауылына кіре берістегі жол-құрылыс жұмыстарымен және орталық аудандық аурухананың жұмысымен танысумен аяқталды. Медициналық мекеменің ғимараты 1987 жылы салынған, екі жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген. Аурухана жанында емхана жұмыс істейді, 42 дәрігер және 119 орта буын медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді.
Қарғалы ауданында өңір басшысы "Велиховка" ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жұмысымен танысты. Осы жылы ЖШС 3804 гектар жерді дәнді дақылдармен, сондай-ақ ЖШС құрамындағы 450-ге жуық ірі қара малды азықпен қамтамасыз ету үшін судан шөбін егуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдау шараларын қолдана отырып, ЖШС техниканы үнемі жаңартып отырады. Өткен жылы құны 220 миллион теңге тұратын "John Deere" тракторы, биыл - егіс кешені сатып алынды.
Осы жерде аудан шаруаларымен кездесу өтті. Фермерлер егіс науқанына толық дайын екендіктерін айтып, берілетін субсидиялар ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көмек болғанын атап өтті.
"Бізде көрші облыстардағыдай мал өлімі болған жоқ. Себебі, субсидиялар болды және фермерлер уақытылы азық сатып алды. Техника сатып алуға субсидиялар бар - республикадан 25% және облыстан 10%. Біздің облысымыз жем-шөп пен арнайы техникаға жұмсалатын шығындарды субсидиялайтын жалғыз облыс. Бұл үшін фермерлер атынан алғыс айтамын", - деді "Степное" ЖШС басшысы Аманғос Төлеуов.
Сондай-ақ, облыс әкімі Әлімбет ауылдық округі әкімдігінің, 2020 жылы салынған медициналық пункті мен "Әлімбет" шекара пунктінің жұмысымен танысты. Аймақ басшысы ауылдық клубта халықпен кездесті. Ауыл тұрғындары сұрақтарын тікелей өңір басшысына қоюға мүмкіндік алды. Кездесудің негізгі бөлігі "сұрақ-жауап" форматында өтті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі