23 сәуір күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Байғанин және Темір аудандарында болды.
Өңір басшысы Байғанин ауданының аумағында тасқын суынан зақымданған "Ақтөбе-Атырау" автожолының көпірін қалпына келтіру барысымен танысты. "Қазавтожол" АҚ облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын және мамыр айында аяқталатынын хабарлады. Көпірді қорғауды күшейту үшін жақын жерде дамба салынады. Жөндеу жұмыстарын "СМС" ЖШС мердігерлік ұйымы кепілдік міндеттемелер шеңберінде жүргізуде.
Жарлы ауылында облыс әкімі Қ.Боқанов көшесіндегі жол-құрылыс жұмыстарын қарап шықты. Жобаның құны - 116 миллион теңге. Жол құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жақында Жарлы ауылында тағы бір әлеуметтік нысан пайда болады. Осы жылдың маусым айында ангарлық үлгідегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы аяқталуы тиіс. Оның жалпы ауданы 995,8 шаршы метрді құрайды. Нысандарды қарап шыққаннан облыс әкімі жобаларды іске асыру мерзімдерін тұрақты бақылауда ұстауды және жұмыстардың жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, ауылды санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Жергілікті мектепте аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Облыс әкімі халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағытының негізгі бағыттары туралы хабардар етті және проблемалық мәселелерді шешу жолдары мен мерзімдерін түсіндірді. Кездесудің негізгі бөлігі "сұрақ-жауап" форматында өтті.
Халықпен кездесуден кейін облыс әкімі Қарауылкелді ауылының "Әулие" бөгетін аралап көрді. Бөгеттің жалпы көлемі 350 мың текше метрді құрайды. Биыл бөгет суға толды. Бұл су қоры бақша мен малдарды суаруға пайдаланылады.
Темір ауданында жұмыс сапары Тасқопа ауылына кірме жолдың жөнделуімен танысудан басталды. Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд.теңге, іске асыру мерзімі - үш жыл. Барлығы үш учаскеге бөлінген 33 шақырым автожол жаңартылады.
Кейін Оңдасын Оразалин Досжан хазірет мемориалдық кешенінде болды. Қазіргі уақытта мұнда 2020 жылы басталған кешенді абаттандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Шығырлы ауылында облыс әкімі ұзындығы 9 шақырым болатын су құбыры желісінің құрылыс барысымен танысты. Жобаны жүзеге асыру осы жылдың қаңтар айында басталды. Күзде ауыл тұрғындары сапалы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
Шығырлы ауылының клубында облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындары газдандыру, ауданның елді мекендерін сумен қамтамасыз ету, жаңа спорт нысандарын ашу және т. б. мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық айтылған ұсыныстар мен өтініштер бақылауға алынады деп сендірді.
"Бір мәселелер бірден шешілетінін, басқалары уақыт қажет ететінін түсіну керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында ауылдық елді мекендерді абаттандыру, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жалғастырылады", - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі