Облыс әкімі жұмыс сапарымен Әйтеке би және Хромтау аудандарында болды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Әйтеке би және Хромтау аудандарында болды
22 сәуір, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Әйтеке би және Хромтау аудандарында болды.
Өңір басшысының жұмыс сапары Әйтеке би ауданына қарасты Қаратау ауылдық округінде басталып, "Қарабұтақ - Ырғыз" тасжолынан Ақкөл ауылына дейінгі автокөлік жолының орташа жөндеу жұмыстарының жобасымен танысты. Жөндеу жұмыстарына NTiger мердігер мекемесі биыл мамыр айында кірісу керек. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі тоғыз ай, құны 1,4 млрд. теңге.
Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің Қарабұтақ және Аралтоғай ауылдық округтерінің даму келешегі жайлы баяндамасын тыңдады.
Аралтөбе ауылында облыс әкімі клуб пен ауылдық әкімдік ғимаратының қалпына келтіру жұмыстарының барысын қарап шықты. Жұмыс былтыр қазан айында басталған, биыл мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр.
Ж.Сәрсенов атындағы орта мектепте облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Кездесу кезінде ауыл шаруашылығы, баға мен жем-шөпке және т.б. қатысты сұрақтар талқыланды.
Облыс әкімі бір де бір ұсыныс, бір де бір өтініш назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
"Сол үшін де мен аудандарға барған кезде тұрғындармен кездесуді ашық форматта өткізуді талап етемін. Өйткені, өздеріңізді толғандырған мәселені көтеру үшін облыс орталығына баруға мүмкіндіктеріңіз жоғын түсінемін. Осындай кездесулер соларды шешуге мұрындық болады",- деді Оңдасын Оразалин.
Кейін Аралтөбедегі бөгетті қарады. 2020 жылы еріген суларды бөгеу мақсатында нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бөгеттің көлемі 800 мың текше метрді құрайды. Бұл су қоры жайылымдардың өнімділігін арттырады. Қалпына келтіру жұмыстары демеушілік қаражат есебінен жүргізілгенін атап өту қажет. Бұл мақсатқа 3,5 миллион теңге жұмсалды.
Талдысай ауылының бөгеті де күрделі жөндеуді қажет етеді. Өткен жылдың қазан айында тиісті жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Нысанды қарап шыққан облыс әкімі бөгеттердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды.
"Бұл, әсіресе, облыс бойынша мал басы тұрақты өсіп келе жатқанын ескерсек, маңызды мәселе", - деді Оңдасын Оразалин.
Т.Жүргенов ауылында "Бұлақ Агро" ЖШС және "Комсомол" ЖШС базасында облыс әкімі фермерлердің көктемгі егіс науқанына дайындығымен танысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 722,3 мың гектар алаңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жалпы егіс алаңының 52 пайызына дәнді дақылдар, 34,6% жемшөп, 11,8% майлы дақылдар, 0,9% картоп, 0,7% көкөніс-бақша дақылдары егіледі. Әдеттегідей, егістіктердің негізгі үлесі немесе 76,7% облыстың төрт ауданына тиесілі, яғни Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандары.
Облыс әкімі шаруаларды алдағы уақытта майлы және жем-шөп дақылдары алқаптарын кеңейтуге шақырды, сондай-ақ егіс науқаны барысында оларға мемлекет тарапынан көмек толық көлемде көрсетілетініне сендірді.
Жұмыс сапары Хромтау ауданында жалғасты.
Облыс әкімі Құдықсай ауылында 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен негізгі мектеп ғимаратын аралап көрді. Осы жерде халықпен кездесу өтті. Аудан тұрғындары сұрақтарын тікелей өңір басшысына қоюға мүмкіндік алды.
Кейін Оңдасын Оразалин Хромтау аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім жанынан салынған шақыру пунктінің жұмысымен танысты. Нысан 2021 жылы салынған. Мұнда жыл сайын 17 жасқа толған азаматтарды тіркеу және азаматтарды көктем мен күзде жедел әскери қызметке шақыру жүргізіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімі Азамат Бекет бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы туралы есеп берді, оның ішінде бес қабатты тұрғын үй құрылысы, 22 кварталды дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу, Тасөткел ауылына апаратын жол құрылысы және т. б. бар.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі