Ақтөбе облысында биыл 752,7 шақырым автомобиль жолдары жөнделеді

Ақтөбе облысында биыл 752,7 шақырым автомобиль жолдары жөнделеді

 Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында
жолды құрылысы жұмыстарына дайындық барысы қаралды.
Осы жылы өңірде жалпы сомасы 32,3 млрд. теңгені құрайтын 201 жол
жөндеу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Барлығы 752,7 шақырым автомобиль жолдары жөнделетін болса, оның 95,8
шақырымы облыстық, 512,4 шақырым аудандық, 144,5 шақырымы қалалар мен
аудандардағы көшелердің жол желісі.
Нәтижесінде жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автокөлік
жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 72 %-ды құрауы
керек.
Облыс әкімі мердігер мекемелерді анықтайтын мемлекеттік сатып алу
байқауларын сәуірден кешіктірмей аяқтауды тапсырып, «Жол құрылысы
жұмыстары маусымының басына қарай мердігер мекемелер барлық жобалар
бойынша анықталуы тиіс. Уақытты созбаңыздар. Сапа, түпкі нәтиже соған
байланысты!»,- деп атап өтті.
Ол сондай-ақ, материалдардың, әсіресе, жол битумын күні бұрын
дайындалуын қамтамасыз етуді, материалдар мен жұмыстардың сапасын
қатаң әрі үнемі бақылап отыруды, сонымен қатар, проблемалық нысандарды
уақытында аяқтауды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі