
Бүгін, 20 наурызда орталық стадион алаңында "Сарқыт-салтымыздың сарасы" атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, қала қонақтары мен қатысушыларды ұлттық мейраммен құттықтады.
"Күн мен түнді теңестіріп Ұлыстың ұлы күні Наурыз да келді. Шүкір, қалың қыстан да аман шықтық. Қардың көбесі сөгіле бастады, күннің шуақты сәулесімен ылғал жерге терең сіңіп, ырыс пен берекенің бастауы болар деп үміттенеміз. Наурыз мейрамы ежелден келе жатқан жыл бастауы, жаңару мерекесі. Тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз қай кезде де елдіктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Жаңа жылдан, жаңа күннен жақсылық күтетін болсақ, ол жақсылықтар жайдан-жай келмейтінін білуіміз керек. Бүгіннен бастап елдің болашағына қажет тиімді істерге барынша көңіл бөлінуі тиіс. Жайлы тұрмыс тек нақты іспен, тиімді әрекеттердің нәтижесі. Өзгеріс өзімізден басталады десек, ол үшін санамызды өзгертіп, сөзден іске көшу керектігі өте маңызды" - деді облыс әкімі.
Шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсету, ұлттық спорт түрлерін насихатталды.
Мерекелік шарада киіз үй орнатылып, ұмыт бола бастаған тағамдарды жасау, жаңа сойылған малды жіліктеу, қазы айналдару, бас үйіту, киіз (ағаш) үйді құрып-жинау бойынша шеберлік сағаттары өтті.
Наурыз көже, бауырсақ пісіріліп, ұлттық тағамдар ұсынылды.
Тұрғындар арасында арқан тарту, асық ойнау, гір көтеру, нысана көздеуден сайыстар өткізілді. Мерекелік шараға жиналғандарға ұлттық тағамдардан әзірленген сарқыт таратылды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі