Ақтөбеде мәслихат депутаттары облыс бюджетін нақтылады

Ақтөбеде мәслихат депутаттары облыс бюджетін нақтылады
18 наурыз күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин облыстық мәслихаттың кезекті жетінші сессиясына қатысты.
Сессия жұмысына сондай-ақ, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, БАҚ пен қоғам өкілдері қатысты.
Мәслихаттың 2021 жылы атқарған жұмыстары тыңдалып, талқыланды, облыс бюджетін нақтылау сұрақтары қаралды.
Отырысты ашқан облыс әкімі депутаттарды халықпен жиі кездесіп тұруға, мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттерді түсіндіріп, жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
«Мемлекет басшысы маңызды саяси және әлеуметтік реформалар атап өтті. Сіздердің соларды жүзеге асыруға қатысқандарыңыз маңызды. Президент қойған міндеттерді кідіртпей орындауымыз қажет. Бұл мемлекетіміздің болашағы»,- деді Оңдасын Оразалин.
Былтыр облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының мүшелері облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге 56 бірлескен комиссия отырысын өткізіп, 185 сұрақ қаралған болатын. Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың алты сессиясы өтіп, депутаттар 110 өзекті сұрақ бойынша шешім қабылдады.
2022-2024 жылдарға арналған облыс бюджетін нақтылау сұрақтарын баяндаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева бюджетті нақтылау аясында 28 млрд теңге бөлу ұсынылып отырғанын жеткізді.
Баяндамашы: «Бұл қаражат тиісінше білім беру, денсаулық сақтау объектілерінің құрылысына, ауылдарды сумен жабдықтауға, инфрақұрылымды қайта жаңартуға және жөндеуге бөлінетін болады, - деп атап өтті.
Сессияда сондай-ақ Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту, әкімдердің халықпен кездесуінің икемді жылдық күнтізбесін келісу бойынша облыстық мәслихат хатшысына өкілеттік беру туралы мәселелер қаралды, облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына және "негізгі ғимаратқа қосымша корпус салу және пайдалану" МЖӘ жобасы бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелерге өзгерістер енгізілді шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақтөбе медициналық орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балалар стационары, Ақтөбе облысын басқару схемасы және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамы бекітілді. Барлық қаралған мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі