
10 наурыз, бейсенбі күні Дубай қаласында өтіп жатқан «Expo 2020 Dubai» халықаралық көрмесінде «Ақтөбе облысының күндеріне» арналған іс-шара Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен өтті. Оған өңірдің бизнес субъектілерінің өкілдері қатысты. Делегацияны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин басшылық етті.
Өткізілген шара аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық және мәдени-туристік әлеуеті таныстырылып, өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік секторындағы кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктерінің, ет, ұн және макарон өнімдерінің, сонымен қатар, мұнай-газ және теміржол салаларына арналған резинкалы-техникалық бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды.
БАӘ мен Ақтөбе облысының бизнес өкілдері бизнес форумға қатысып, B2B және В2G алаңдары ұйымдастырылды, онда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың келешегі бар бағыттары талқыланды.
Іс-шара нәтижесінде «Petromal», «Unique Group Hotels and Travel» және «Metito» шетелдік компанияларымен мұнай-газ, туризм салаларындағы, сумен жабдықтау және инвестиция тартудағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.