4 наурыз күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Оңтүстік айналма» автокөлік жолының жөнделіп жатқан жерін қарап шығып, «Ясный» ауылы аумағындағы уақытша айналма жолдың, сонымен қатар «Ақтөбе-Қандыағаш» автокөлік жолының жағдайымен танысты.
Өңір басшысы Оңтүстік айналма жолды жөндеуге байланысты ашылған уақытша айналма жолды толтырып, тегістеуге он күн уақыт берді.
«14 наурызда атқарған жұмыстарыңыз жайында есеп бересіздер»,- деп тапсырды облыс әкімі мердігер мекемелердің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыларына.
Бұдан бөлек, ауыр жүк таситын автокөліктердің Ясный ауылы маңындағы уақытша айналма жолдағы қозғалысын ішінара шектеу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, «Ақтөбе-Орск» және «Ақтөбе-Қобда» автокөлік жолдары жағынан келетін ауыр жүк таситын көліктер «Солтүстік айналма» тас жолы мен өнеркәсіптік аймаққа қарай жіберіледі.
Еске сала кетейік, «Оңтүстік айналма» автокөлік жолының жөндеу жұмыстары былтыр аяқталу керек болатын. Алайда бас мердігер - «КТП» ЖШС міндетін атқара алмады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр: «Мердігер салыққа, жеткізушілерге қарыз болып қалған. Бұл оның өз міндетін атқаруға кедергі болды. Биыл жұмыстар ауа райы қолайлы болған кезде, сәуір айының соңы – мамыр айының басында басталады. Күзге дейін асфальт төселіп, жыл соңына дейін жаяу жүргіншілер жолдары мен бағдаршам дабылын орнату, жарықтандыру жұмыстары аяқталуы тиіс»,- деп жеткізді.
Жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары өткен жылы басталған республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қандыағаш» жолы - «Оңтүстік айналма» жолының жалғасы. Тасжолдың қазіргі жағдайы көптеген автокөлік жүргізушілерін наразы етіп отыр.
«Жоба – ауқымды, үш жылға есептелген, оны жол құрылысы жұмыстарының бір кезеңінде аяқтау мүмкін емес. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолда қыс пен көктемде мұндай жағдайлар болмай қоймайды. Тұрғындар наразы, түсінеміз. Мен мердігерлердің атынан, өз атымнан облыс тұрғындарынан, көлік жүргізушілерінен келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Жер кепкен бойда, шамамен, сәуір айының соңында асфальт төсеуді бастаймыз. Әзірге уақытша проблемалық жерлерді көміп, тегістейтін боламыз»,- деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Ақтөбедегі облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.
Жол қалпына келтірілгеннен кейін төртжолақты болады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың күзіне дейін Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі жолдың асфальт төселген екі жолағы ашылуы тиіс.
Жалпы, Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының 11-ден 100 шақырымға дейінгі бөлігін қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылы аяқталуы керек.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі