Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Италия Елшісімен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Италия Елшісімен кездесті
Сәрсенбі, 2 наурыз күні Ақтөбеде облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ​ Марко Альберти​ жұмыс бабымен кездесті.
Кездесуде Ақтөбе облысы мен Италия өңірлері арасындағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалар бойынша серіктестік сұрақтары талқыланды.
Сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін ашу керектігіне ерекше назар аударылды.
​ Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысы мен Италия арасындағы тауарайналым тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті.
“2021 жылдың қорытындысы бойынша тауарайналым ​ 167,5 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен екі есе көбірек”,- деді облыс әкімі.
Өңір басшысы ​ «Бадамша-1»​ жел электр стансасын салу жобасының маңыздылығын атап өтті. Ірі жоба Қарғалы ауданында жүзеге асырылып, оған Италияның Ақтөбе облысындағы Eni​ компаниясы қатысқан​ болатын. Бүгін, 2 наурыз күні Eni-дің Ақтөбе облысындағы екінші жел паркі - ​ «Бадамша-2»​ салтанатты түрде іске қосылады.
Өз кезегінде Марко Альберти ​ өңір басшысына жылы қабылдағанына алғысын білдіріп, Италия тарапы түрлі бағыттағы екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуге дайын екенін қосты.
Елші: “Бұл менің Ақтөбе облысына бірінші рет келуім және соңғысы емес екеніне сенімдімін. Сіздің өңірде итальяндық капитал құйылған компаниялар көп екен. Менің сапарымның бір мақсаты​ – олардың қызметімен танысу.​ Біз тек энергетика саласында ғана емес, ауыл шаруашылығында да екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделіміз”,- деп атап өтті.
Әңгіме барысында тараптар Ақтөбе облысы мен Италия Республикасы арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге жететініне сенімді екендерін айтты.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі