Ақтөбе облысында "Ақтөбе - Қандыағаш" автокөлік жолын қалпына келтіру жалғасуда

Ақтөбе облысында "Ақтөбе - Қандыағаш" автокөлік жолын қалпына келтіру жалғасуда
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында "Ақтөбе - Қандыағаш" автокөлік жолын қалпына келтіру барысы талқыланды.
Жиынға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, “ҚазАвтоЖол” АҚ-ның Ақтөбедегі филиалының директоры Марат Махамбетов, мердігер мекемелердің басшылары қатысты.
"Ақтөбе - Қандыағаш" автокөлік жолын қалпына келтіру жұмыстары былтыр басталған болатын. Биыл 11-ден 52 шақырымға дейінгі учаскенің жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС БК мердігер ұйымы жалғастырады.
“Сине Мидас Строй” ЖШС БК директоры Ахмет Будан:
"Бүгінде жер төсемін жайластыру жұмыстары 72% орындалды. 16 байланыс желісі, 1 газ құбыры мен 2 су құбыры көшірілді. Жол құрылысы материалдарын дайындау жұмыстары басталды",- деп мәлімдеді.
52-ден 100 шақырымға дейінгі учаскені қалпына келтіру "Ақжол Құрылыс" бірлестігіне, "АзВирт" ЖШҚ-на, "Ассана ДорСтрой" ЖШС-не сеніп тапсырылды.
«Ассана ДорСтрой» ЖШС құрылтайшысы Владимир Гринбергтің айтуынша, аталған учаскеде жер төсемін жайластыру 52 пайызға, негіздің қосымша, төменгі және жоғарғы қабаттары 35 пайызға орындалған.
Жиын соңында облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде жұмыстардың сапасы мен мерзімін ерекше бақылауда ұстауды, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғанша көлік құралдарының төртжолақты жолдың ендігі асфальтбетон жабындысы бар екіжолақты жолында кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуді талап етті.
Еске салайық, жоба 2023 жылы аяқталады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі