Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Корея Республикасының Елшісі Ку Хонг-Сокпен кездесті

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Корея Республикасының Елшісі Ку Хонг-Сокпен кездесті
28 ақпан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сокпен кездесті.
Кездесуге сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарлары Ермек Кенжеханұлы мен Бұлбұл Елеусінова, Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің консулы Ким Вон Ен, Корея Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдығының өкілі Джо Джи Хен мен тағы басқалар қатысты.
Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар мен басқа да сұрақтар кезіндегі екіжақты өзара қарым-қатынасты талқылады.
Облыс әкімі Корея Республикасы мен Ақтөбе облысының серіктестікті дамытуда әлеуеті зор екенін атап өтіп, өңірдің экономикалық әлеуетін таныстырды.
«Жалпы, біздің бүгінгі кездесуіміз өзара мүдделердің жақындасуы мен оның аясын кеңейту жолындағы тағы бір қадам болып табылады. Нәтижесінде, өзара тиімді ынтымақтастықтың пайдаланылмаған әлеуеті іске қосылады деп үміттенемін. Ақтөбе облысы транспорттық-логистикалық жағынан тиімді орналасқан, жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай өңір. Сонымен бірге өңірімізге заманауи технологиялардың келгенін қолдаймыз.
Жалпы өңірдің бұдан әрі экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында және өңірге инвестициялар тарту үшін «Ерекше индустриялық аймақ» құру жоспарлануда. Осыған орай, Ерекше индустриялық аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қарастыруды ұсынамын.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру біздің Президенттеріміздің алға қойған мақсаттарына қол жеткізуіне өз үлесін қосады»,- деді Оңдасын Оразалин.
Өз кезегінде Елші Ку Хонг-Сок та екі жақты қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
«Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас үздіксіз дамуда. Былтырғы статистика бойынша Орталық Азия елдері ішінде Корея импортының 60 пайызы Қазақстанға шығарылады. Ал Орталық Азиядан экспортталатын тауарлардың 99 пайызы Қазақстаннан келеді. Біз өзара тиімді серіктестікті әрі қарай арттыруға мүдделіміз», - деді елші.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысының аумағында корей капиталы салынған 10 компания, корей диаспорасының 1100-ден аса өкілі бар. 1992 жылдан бері корей ұлттық-мәдени орталығы, ал 1997 жылдан бері «Ақтөбе облысының корей қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Бұдан өзге, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен Корей Республикасы арасындағы тауарайналым 20%-ға өскен.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі