Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен
аралаған кезде маңызды әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты.
Өңір басшысы «Қарттар үйі» атымен танымал № 1 әлеуметтік қызмет
көрсету орталығы ғимаратының күрделі жөндеу барысын қарап шықты.
Ауқымды жұмыстар биыл шілде айында аяқталуы тиіс. Жалпы аумағы 6 мың
м2 болатын тұрғын үй корпустары жаңартылады. Жалғызілікті азаматтарға,
сонымен қатар, 1 және 2 топтағы мүгедектерге арнайы қызмет көрсететін
орталық бір мезетте қамқорлықтағы 250 адамға арналған.
Өңір басшысы мердігер компанияға сапалы жұмысты қамтамасыз етуді
тапсырды. № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әкімшілік ғимараты
мен қазандығының құрылысы жалғасуда, жұмыс биыл мамыр айында аяқталады
деп жоспарланып отыр. Мұнда созылмалы психикалық ауруы бар, үнемі
күтімді, көмек пен оңалтуды қажет ететін 18 жастан асқан 1 және 2
топтағы мүгедектер тұратын болады. Орталықта 430 адамға арналған екі
төртқабатты және бір үшқабатты тұрғын үй ғимараттары бар. Орталық
жанында сондай-ақ, аумағы 290 м2 болатын бөлек монша-кір жуу кешені,
көкніс қоймасы мен жылыжай жұмыс жасайды.
Биыл сондай-ақ, Ы.Алтынсарин атындағы мұражайдың жөндеу жұмыстары
аяқталады. 1974 жылы салынған ғимараттың шатыры ауыстырылып, артқы
және жанындағы сыртқы қабырғаларына сайдинг орнатылады. Сумен
жабдықтау, кәріз, электр және жылу жүйелері жаңартылады. Есіктері мен
едендері алмастырылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан өзге,
айналасындағы аумақтарды абаттандыру қарастырылған.
Оңдасын Оразалин барған тағы бір әлеуметтік нысан – облыстық Ана мен
бала орталығының ғимаратында орналасқан «Қамқорлық» амбулаторлық
оңалту орталығы. Ол ашылса Ана мен бала орталығы 0-18 жас
аралығындағыларға педиатриялық көмектің барлық кезеңін көрсететін
болады.
«Жабдықтың жүзден аса түрі орнатылған, олардың қатарында Еуропаның
жетекші өндірушілерінң инновациялық үлгілері, оңалту кешендері мен
биологиялық белсенді байланысқан жаттығу құралдары, 4Д форматындағы
интерактивті бөлме бар. 18 логопед, эрготерапевт, психолог,
дефектолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушы мамандандырылды»,- дейді бас
дәрігер Ербол Жапахов.
Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар профилю неврология, нейрохирургия,
травматология – ортопедия, кардиохирургия бейіндері бойынша оңалтудан
өтеді. Мұнда жылына кемінде 600 баланы қабылдау жоспарланып отыр.
Оңдасын Оразалин: «Әрбір ата-ана баласында ең жақсының болғанын
қалайды. Мұнда денсаулығында кінәрәті бар балаларға әсері бар көмек
беретін заманауи жабдық, әдістемелер бар. Өте қажет әрі маңызды нысан.
Тездетіңіздер, орталықты бір айда ашып болыңыздар»,- деп тапсырды.
Бұдан өзге, облыс әкімі 0-3 жас аралығындағы балаларды ерте қолға
алатын орталықтың жұмыс барысымен танысты. Орталық облыстық
перинаталды орталықтың бөлек қанатындағы бірінші қабатта орналасқан.
Ол бір ауысымда 25 келушіге арналған. Орталық құрылымында емдік
денешынықтыру, сурдология, тәуліктік бақылау электроэнцефалографиясы,
эрготерапевт, бальнеология, логопед, дефектолог, қозғалыс терапиясы,
психолог кабинеттері бар. Мұнда тіршілік іс-әрекеті шектелген, соның
ішінде генетикалық ауытқуы бар балаларға туғаннан бастап 3 жасқа дейін
білікті мамандандырылған көмек көрсетіледі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі