Оңдасын Оразалин Ақтөбе медициналық орталығында болды

Оңдасын Оразалин Ақтөбе медициналық орталығында болды
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 9 ақпан, сәрсенбі күні Ақтөбе медициналық орталығында болып, дәрігерлермен тілдесті, науқастардың жағдайымен танысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев коронавирус ауруының қазіргі жағдайын баяндады. Айта кетейік, бүгін облыс COVID-19-дың таралуы бойынша «сары» аймаққа өтті.
«Эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Науқастар саны азайып келеді. Күн сайын аз адам тіркейміз. Бүгінде реанимациялық бөлімде коронавируспен ауырып жатқан 20 науқас бар. COVID-пен ауырып қалған жүкті әйелдер де азайды – облыс бойынша 12 науқас стационарлы түрде емделіп жатыр. Жағдайлары – қанағаттанарлық. Облыстағы барлық емдеу мекемелері қалыпты тәртіпте жұмыс жасауда»,- деді Р.Исаев.
Оңдасын Оразалин дәрігерлердің жұмыс жағдайыларына қызығушылық танытты. Өңір басшысымен әңгімелескен медицина қызметкерлері жұмыстарының жеңіл емес екенін, бірақ мемлекет тарапынан қолдау сезетіндерін​ жеткізді.
«Кейде жұмыс өте қиын болады, алайда бізді мемлекет қолдайтыны қуантады. Барлық бөлімдегі қызметкерлердің, соның ішінде кіші медицина қызметкерлерінің де еңбекақысы қаңтар айында өсті. Мәселен, мен 8 сағаттық жұмыс күні мен кезекшілікті қосқанда 380-400 мың теңге аламын. Бізде мейіргер болып негізінде интерндер, яғни медициналық университеттің 6, 7 курс студенттері жұмыс істейді. Қазір олар онлайн оқып жатыр, сондықтан тәуліктік кезекшілікке шыға алады. Айына 10 тәулік кезекшілік етеді, қалған уақытта сабақта. 180 мыңдай алады»,- дейді Ақтөбе медицина орталығының бөлім меңгерушісі Айгерім Түкібаева.
Өңір басшысы сондай-ақ, Ақтөбе медицина орталығының әрі қарайғы жоспарларымен танысып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және көтеру бойынша нақты тапсырмалар берді. ​
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі