Аграрлық несие корпорациясы 2022 жылы Ақтөбе облысының агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға шамамен 20 млрд теңгедей аударуды жоспарлауда

Аграрлық несие корпорациясы 2022 жылы Ақтөбе облысының агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға шамамен 20 млрд теңгедей аударуды жоспарлауда
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 3 ақпан, бейсенбі күні «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Ақтөбедегі облыстық бөлімшесінде болды.
Былтыр «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорын» «Аграрлық несие корпорациясына» қосу туралы шешім қабылданған болатын.
Аграрлық несие корпорациясына Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының шағын бизнесті несиелеу, өсімдік шаруашылығын сақтандыру және «Дипломмен ауылға» жобасы аясында «Ауыл ипотекасы» агентінің қызметтері берілген.
Қайта ұйымдастыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге «бір терезе» қағидасымен несие алуға мүмкіндік берді.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамытатын қаржы институтының ағымдағы қызметімен, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландырудың қолданыстағы шарттарымен танысып шықты.
«Былтыр Ақтөбе облысындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы жалпы сомасы 20 млрд теңгенің жобаларына қолдау көрсетті. Осы жылы дәл сондай қаржы ақтөбелік шаруаларға да берілетін болады. Қазіргі уақытта «Кең дала» бағдарламасы бойынша жұмыстар басталып кетті, соның аясында көктемгі дала жұмыстарына қолдау көрсетуге өтінімдер қабылданып жатыр. Облыс бойынша ендігі жалпы сомасы 2,5​ млрд. теңгеге өтінім келіп түсті. Өтінімдердің басым бөлігін облыстың төрт астықты ауданы берген, өтінімдер саны бойынша сөзсіз көшбасшы – Әйтеке би ауданы”, - деді Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалының басшысы Гүлжанат Ерғазина.
Облыс әкімі барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді, өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірушілерін жан жақты қолдауды тапсырды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі