Оңдасын Оразалин аудан әкімдерінің есептерін тыңдады

Оңдасын Оразалин аудан әкімдерінің есептерін тыңдады
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 1 ақпан күні Мұғалжар, Қобда, Алға, Мәртөк, Қарғалы және Хромтау аудандарының әкімдерін қабылдады. Шараға сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Өңірдің 2021 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, жоғарыда аталған аудандардың биылғы даму жоспарлары, жергілікті атқарушы органдардың орындаушылық тәртібі ​ қаралды.
«2021 жылы барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша, соның ішінде өнеркәсіп өндірісінде, ауыл шаруашылығында, инвестицияларда оң динамикалық өсім қамтамасыз етілген. Бюджет кірісі бойынша жоспар 116 % орындалды”, - деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров.
Аудандар ішінде алғашқы болып Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов есеп берді.
Биыл Мұғалжар ауданында Қаракөл, Жарық, Мұғалжар ауылдары мен Қандыағаштағы жаңа шағын ауданды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Қожасай мен Ащысай елді мекендерін газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Шеңгелши, Құмсай, Қожасай ауылдары су құбыры желілерімен және құрылыстарымен қамтылады.
Ауылдық елді мекендердің жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда, Ембіде, Талдысайда, Қандыағаш пен Алтындыда ​ тұрғызылып жатқан мектептердің құрылысы аяқталады.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытатын тағы ондаған жоба нақтылануда.
Баяндамаларды тыңдап шыққан өңір басшысы аудандардың әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты бірқатар тапсырмалар берді.
Облыс әкімі халықтың тұрмыс сапасын көтеру бойынша қойылған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін атап өтті. Өңір басшысы газдандыру, сумен жабдықтау және жол салу жобаларын жүзеге асыруға, сонымен қатар халықты баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Оңдасын Оразалин: «Сіздердің жұмыстарыңыз халықтың өзекті мәселелерін сапалы әрі барынша шешуге бағытталуы тиіс. Жергілікті тұрғындармен жиі тілдесіңіздер»,- деп атап өтті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі