Білім күні Ақтөбеде жаңа мектеп ашылды

Білім күні Ақтөбеде жаңа мектеп ашылды
1 қыркүйек күні Ақтөбе қаласының Батыс шағын ауданында «Білім» мектебі өз есігін айқара ашты. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.
«Мемлекет басшысы білім беру саласын дамытуға ерекше назар аударады. Жыл сайын өңірде жаңа мектептер, балабақшалар ​ ашылып жатыр, өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Біз бүгін ашып жатқан жаңа білім ошағында балаларымыз сапалы білім алады деп сенемін»,- деді оқушыларды, ата-аналар мен мұғалімдер ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтаған облыс әкімі.
Облыс әкімі сондай-ақ, бірінші класс оқушыларына биыл оқу бағдарламасына қайтып келген «Әліппені» тарту етті.
Жаңа мектеп жеке инвестор – кәсіпкер-меценат Зәмзәгүл Баймағамбетованың қаржысына салынды. Жобаны жүзеге асыруға барлығы 2,4 миллиард теңге құйылды. Мектептің материалдық-техникалық базасы барлық қажетті заманауи жабдықтармен жасақталған. Жобалық қуаттылығы бір ауысымда 1200 оқушыға арналған. Білім алу мемлекеттік тапсырыстың арқасында тегін болады. Бұл Ақтөбе облысындағы осындай жобалардың алғашқысы.
Айта кету керек, «Білім» мектебінің ашылуы Батыс шағын ауданындағы екі мектептің біріне салынған салмақтан арылтты. Өйткені онда балалар үш ауысымда оқыған болатын.
Білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан: «Батыс шағын ауданында бұл күнге дейін екі мектеп болды. Екеуі де - үш ауысымдық. «Білім» мектебі ашылысымен сол мектептердің бірінен үш ауысымдық оқу алып тасталатын болады. Жарын Батыс ауданында тағы бір мектеп салу жоспарда бар. Осы жылы барлығы 20 мектептің құрылысы жүріп жатса, олардың ішінде 12 білім ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде үш ауысымдық 5 мектептің мәселесі шешіледі»,- деп жеткізді.
Ақтөбе облысында бүгін 167 мың бала оқуға кіріссе, оның 18 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі